Экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, алдағы үш жылда жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді.
«2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететін өңірге айналады, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор өңірге айналады. Біздің бағалауымыз бойынша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді», – деді Жұманғарин Мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, 2026 жылы жергілікті бюджеттер республикалық бюджеттен 5,1 трлн теңге алады. Керісінше, ауқатты өңірлер республикалық бюджетке 879,9 млрд теңге аударады.
Жұманғариннің сөзінше, жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстары төмендегідей болжанып отыр: 2026 жыл – табыс 10,7 трлн теңге, шығын 14,9 трлн теңге; 2027 жыл – табыс 12,1 трлн теңге, шығын 17,3 трлн теңге; 2028 жыл – табыс 13,3 трлн теңге, шығын 18,7 трлн теңге.
Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және жаңадан пайдалануға берілетін нысандарды ұстауға арналған шығындар ескерілген. 2026 жылы бұл мақсаттарға 1,5 трлн теңге бөлінсе, 2028 жылға қарай олардың көлемі 2,1 трлн теңгеге дейін өседі.
Мемлекет елдің барлық өңірінде базалық инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді. Осы мақсатта Өңірлік стандарттар жүйесі құрылып жатыр. Осы жүйе деректері негізінде даму бюджетінің нысаналы көрсеткіштері есептеледі. Ол жыл сайын ұлғайып отырады: 2026 жылы – 1,7 трлн теңге, 2027 жылы – 3,2 трлн теңге, 2028 жылы – 4,2 трлн теңге. Жалпы алғанда, үш жыл ішінде бұл мақсаттарға 9,1 трлн теңге жұмсалмақ.