Биылғы қаңтар-қазан айларында шетелге табиғи бал сату көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе артып, 373,4 тоннадан 1 мың тоннаға жетті. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, бұл — кейінгі 11 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Бұл туралы Data Hub арнасы жазды. 

Мұндай күрт өсім жаңа экспорттық саланың қалыптасып жатқанын аңғартса керек. Себебі, 2015 жылдан бергі статистикаға қарасақ, айтарлықтай көлем тек соңғы екі жылда ғана байқалып отыр (оның алдындағы тоғыз жылдың орташа көрсеткіші небәрі 94,5 тонна болатын). Дегенмен, әзірге шетелге сатудан түсетін табыс аса қомақты емес — биылғы он айдың көрсеткіші 1,1 млн долларды құрады (былтырғыдан +100%). Сонымен қатар экспорт нарығының әлі де әртараптандырылмағанын айта кету керек. Отандық омарташылардың өнімін сатып алудың 83%-ы (843 тонна) және түсімнің 58%-ы (623 мың доллар) тек бір елге — Өзбекстанға тиесілі.

Табиғи бал өндірісі туралы ресми мәлімет тек жыл соңында шығады. Сондықтан 2025 жыл әлі аяқталмағандықтан, өндіріс көлемінің экспорт динамикасына әсерін дөп басып айту қиын. Десе де, қазақстандық омарташылардың ісі оңға басып жатыр деуге негіз бар. Кейінгі тоғыз жылда өндіріс көрсеткіштері 2000-2015 жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деңгейде (2,7 мың тоннадан астам) тұр. Ал 2024 жыл 25%-дық өсіммен (5 мың тонна) аяқталды.

Қазақстан өзінің балға деген сұранысын негізінен өзі қамтамасыз етеді деп айтуға болады — өндіріс көлемі импорттан бірнеше есе көп. Тіпті 2024 жылы импорт 1,7 мың тоннаға жеткеннің өзінде, отандық өнім одан үш есе асып түсті. Айта кетерлігі, сол кезде Сенат депутаттары елге табиғи балдың баж салығысыз және сапа тексерісісіз кедергісіз кіруі мәселесіне назар аударған болатын. Олардың бағалауынша, негізгі сатушы саналатын Ресейден келетін балдың 38%-ы — фальсификат. Сонымен қатар парламентарийлер мемлекет тарапынан отандық балды халықаралық нарықта ілгерілету жұмыстарының жеткіліксіз екенін атап өткен еді.

Бұған дейін омарташылардың өздері де шетелдік нарықтарға шығудың қиындығын, соның ішінде рұқсат қағаздарын алуға қажетті зертханалық зерттеулерге қаражаттың тапшылығын айтқан болатын. 2025 жылы субсидиялар берудің арқасында бұл жағдай біршама түзелген сияқты.