Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) жұмысына бірыңғай талаптар енгізуді жоспарлап отыр. Қарыз берер алдында олар клиентке барлық тәуекелдер көрсетілген құжатты қол қоюға ұсынуы тиіс. Бұл туралы реттеушінің қаулы жобасында айтылған.

Құжат бұрын қолданыста болған бірнеше нормативтік актінің нормаларын біріктіреді. Жобаға сәйкес, шарт жасалғанға дейін МҚҰ қарыз алушыға Негізгі ақпараттық құжатты (НАҚ) ұсынуға міндетті. Онда:

  • шарт талаптары (мөлшерлеме, комиссия, тариф, мерзім);
  • тараптардың құқықтары мен міндеттері;
  • шарт талаптарын өзгерту тәртібі;
  • қатерлер туралы ескертулер;
  • шартты мерзімінен бұрын тоқтату талаптары көрсетілуі тиіс.

Ал төлем кестесі шарт жасалған кезде беріледі.

Сонымен қатар МҚҰ қарыздың клиентке сәйкестігін бағалауға міндеттеледі. Яғни ұйым өнім қарыз алушының мақсаты мен қаржылық мүмкіндігіне сай келетініне және негізгі талаптар түсінікті екеніне көз жеткізуі тиіс.

МҚҰ шартқа қол қоймас бұрын негізгі талаптар мен тәуекелдерді, сондай-ақ барлық қосымша ақылы қызметтерді түсіндіруі қажет. Егер қарызбен бірге ақылы сервистер ұсынылса, олардың құны мен жалпы артық төлемге әсері алдын ала ашық көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қосымша қызметтерді қоса және қоспай есептелуі керек.

Қосымша ақылы қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға тікелей тыйым салынады. МҚҰ мобильді қосымшаларда алдын ала белгіленген «құсбелгі» қоюға немесе клиенттің үнсіздігін келісім ретінде қабылдауға құқылы болмайды. Қосымша шығындарды серіктестер немесе агенттер арқылы рәсімдеу схемалары да шектеледі. Мұндай қызметтер үшін толық жауапкершілік МҚҰ-ның өзіне жүктеледі.

Несие тарихы жоқтарға онлайн-қарыз шектеуі

Несие тарихы жоқ азаматтарға 100 АЕК-тен жоғары сомада онлайн микрокредит беруге тыйым салынады. Мұндай қарыз тек клиенттің жеке қатысуымен және міндетті биометриялық сәйкестендіру арқылы рәсімделеді.

Сондай-ақ микрокредит берер алдында МҚҰ қарыз алушы туралы деректерді қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы тексеруі тиіс, оның ішінде несие есебі де қаралады. Бұл қолданыстағы шектеулерді, соның ішінде азаматтың өз еркімен енгізген несие алуға тыйымды ескеруге мүмкіндік береді.

Алаяқтықтың алдын алу үшін тәуекел жоғары болған жағдайда МҚҰ клиенттің абоненттік нөмірін тексеріп, жеке деректер ұрлану қаупі туралы хабарлай отырып, бақылау қоңырауын жасауға міндеттеледі.

Қарызды кейінге шегеру шарттары

Берешек туындаған жағдайда оны реттеудің бірыңғай рәсімдері енгізіледі. Қарыз алушы шарт талаптарын өзгерту туралы өтініш беруге құқылы, ал МҚҰ оны қарап, кемінде 3 айға комиссиясыз шешім нұсқасын ұсынуға міндетті. Сонымен қатар борышкерлермен дұрыс жұмыс істеу және келіссөз жүргізу ережелері бекітіледі.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында МҚҰ-мен байланысы бар жеке сот орындаушыларымен жұмыс істеуге тыйым салынады. Сондай-ақ ұйымдар уәкілетті агенттердің ашық тізілімін жүргізіп, олардың кеңес беру және қарыз рәсімдеу кезіндегі әрекеттері үшін толық жауап береді.