Энергетика министрлігі ұзақ уақыт бойы келісімшарттағы міндеттемелерін орындамаған инвесторлармен 17 жер қойнауын пайдалану келісімшартын бұзды, деп хабарлады энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.
«Мемлекет басшысының жер қойнауын пайдалану учаскелеріне жүргізілетін түгендеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, ұзақ уақыт бойы келісімшарттағы міндеттемелерін орындамай ұстап отырған учаскелер бойынша биыл 17 келісімшарт бұзылды. Мемлекетке қайтарылған жер қойнауы учаскелері инвестиция тарту мақсатында аукционға шығарылады», – деді ол Үкімет отырысында.
2024 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген жыл сайынғы мониторинг нәтижесінде Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға жалпы сомасы 19 млрд теңгеге тең келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы 167 хабарлама жіберген.
Бүгінгі таңда мемлекеттік бюджетке 2 млрд теңге өтелген. Жалпы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының саны 324: оның ішінде барлауға – 15, барлау және өндіруге – 170, өндіруге – 131, сондай-ақ өнімді бөлу туралы келісімдер – 8.
2023 және 2024 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауға тиісінше 150 млрд және 160 млрд теңге инвестиция салған. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 80 млрд теңге инвестиция бағытталған.
Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, жыл соңына дейін геологиялық барлауға салынатын инвестициялар алдыңғы жылдар деңгейінен кем болмайды деп күтілуде.
Биыл Энергетика министрлігі екі аукцион өткізді, оның нәтижесінде 11 келісімшарт жасалды. Мемлекеттік бюджетке 10,6 млрд теңге төленді, ал алдағы алты жыл ішінде барлауға 71,6 млн доллар көлемінде инвестиция тартылды.