Мұнай бағасы 100 доллардан асты

Астана уақытымен 13:30-да Brent маркалы мұнай құны 100,19 долларға жетті. Осылайша қара алтын құны бір күнде 2,28%; аптада 4,70%, ал бір айда 19,83% қымбаттап отыр.

Бағаның өсуіне Таяу Шығыстағы жағдайдың қайта шиеленісуі және өңірден мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықтың күшеюі әсер етті. Осы аптада Иран қолдайтын хуситтер Сауд Арабиясының энергетикалық нысандарына шабуыл жасап, мұнай инфрақұрылымында өрт шықты. Бұл Қызыл теңіз арқылы мұнай тасымалдауға қатысты тәуекелдерді арттырды.

Сонымен қатар Ормуз бұғазы маңындағы ахуал да ушықты. 9 қыркүйекте Иран АҚШ-тың Иорданиядағы әскери базасына соққы беріп, бұғаз маңындағы кемелерге шабуыл жасады. Бұған дейін америкалық әскерилер Иранның бес мұнай танкерін жойған болатын. Нәтижесінде мұнай жеткізіліміне қатысты қауіп күшейіп, бағаға қысым артты.