Үкімет азаматтарды мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жеке қабылдаудың бірыңғай тәртібін бекітті. Жаңа ереже бойынша енді азаматтарды тек министрлер мен облыс әкімдері ғана емес, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері, мәслихат төрағалары және олардың орынбасарлары да қабылдауға міндетті болады. Қабылдаулар айына кемінде бір рет өткізіліп, бекітілген кесте бойынша жүргізіледі.
Жаңа тәртіп 2026 жылғы 28 шілдедегі №663 Үкімет қаулысымен бекітілді және ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. Осылайша, тамыз айынан бастап бұрынғы екі қаулының орнына барлық мемлекеттік органдарға ортақ бір ереже қолданылады.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі — қоғамдық қабылдаулар мен азаматтарды қабылдау орталықтарындағы барлық қабылдауларды міндетті түрде аудио және бейнежазбаға түсіру. Жазбалар архивтік және іс жүргізу талаптарына сәйкес сақталады.
Сондай-ақ азаматтарға қайталап қабылдаудан бас тартуға болмайды, егер мәселе бұрын қаралғанымен, шешілмесе немесе қабылданған шешім проблеманы жоймаса. Бұған қоса, өтінішті бұрын қараған қызметкерге қайта жіберуге тыйым салынады.
Қабылдауға жазылу тәртібі де өзгереді. Өтінішті қабылдаудан бас тартуға енді жол берілмейді. Егер өтініш дұрыс рәсімделмесе, азаматқа кемшіліктерді түзету үшін 3 жұмыс күні беріледі, ал құзыретке жатпайтын өтініш 3 жұмыс күні ішінде тиісті органға жолданып, бұл туралы өтініш берушіге хабарланады.
Тағы бір маңызды өзгеріс — қабылдау қорытындысы бойынша азаматқа алғаш рет ресми хаттама беріледі. Онда қабылданған шешім, берілген тапсырмалар және оларды орындау мерзімдері көрсетіледі. Хаттама 3 жұмыс күні ішінде «Электрондық өтініштер» жүйесі арқылы жолданады.
Барлық жұмыс толықтай «Электрондық өтініштер» жүйесіне көшіріледі: әр өтінішке бірегей тіркеу нөмірі беріледі, қабылдау бойынша электрондық карта мен хаттама сақталады.
Кезексіз қабылданатын азаматтар тізімі өзгермейді: ҰОС ардагерлері, басқа мемлекеттердегі жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері, еңбек ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер, сондай-ақ «Алтын Қыран», «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иелері.
Азаматтың келісімімен қабылдау бейнеконференция арқылы өткізілуі мүмкін, ал қауіпсіздікке байланысты шектеулер енгізілген жағдайда бұл формат міндетті болады.