Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген лауазымды тұлғалардың бір бөлігі үшін кәсіпкерлікпен айналысуға қойылған жалпы тыйымды алып тастау жоспарланып отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға енгізілетін тиісті түзетулерді Сенат бірінші оқылымда мақұлдады.
Дегенмен, шектеулер бірқатар санат үшін сақталады. Бизнеспен мына тұлғалар айналыса алмайды:
- Тұрақты негізде жұмыс істейтін аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері;
- Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері;
- Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым қызметкерлері;
- Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басшылары.
Заң жобасында кәсіпкерлікке тыйым салынатын жағдайлар да нақтыланған. Бұл жерде мүдделер қақтығысы, қызметтік мүлікті жеке мақсатта пайдалану немесе бизнестің қызметтік міндеттерді орындауға кедергі келтіруі туралы сөз болып отыр.
Бұл өзгерістер Конституциялық Соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы шешімін орындау мақсатында әзірленді. Сол кезде сот бизнеске толықтай тыйым салу туралы қолданыстағы норманы конституциялық емес деп таныған еді.