Ұлттық банк Қаржы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес құрылатынын мәлімдеді.
Жаңа орган консультативтік-кеңесші рөлін атқарады. Ол мемлекеттік қаржының тұрақтылығын арттыру және 2025–2027 жылдарға арналған макросаясаттың теңгерімділігін қамтамасыз ету жоспары аясында құрылғалы жатыр.
Кеңес макроэкономикалық жағдай мен борыштық тұрақтылық талаптарын ескере отырып, мемлекеттік қарызды басқарудың ортақ тәсілдерін әзірлейтін алаңға айналмақ. Органның алдында тұрған негізгі міндеттер: Бюджет тапшылығын жабу үшін мемлекеттік қарыз алу құнын төмендету; Мемлекеттік құнды қағаздардың (МҚҚ) ішкі және сыртқы нарықтарын дамыту; Квазимемлекеттік сектор мен корпоративтік эмитенттер үшін кірістілік бағдарларын қалыптастыру. Сонымен қатар МҚҚ нарығының өтімділігі мен тереңдігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Ұлттық банк бұл кеңестің құрылуы фискалдық және ақша-несие саясатын өзара тығыз байланыстыру бағытындағы маңызды қадам екенін атап өтті.