Қазақстанда проблемалық банктерді құтқару жүйесі қайта қаралып жатыр. Мәжілісте таныстырылған жаңа «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасына сәйкес, мемлекеттен қолдау тек жүйе құраушы банктерге көрсетіледі. Бірақ ең қызығы – мемлекет шығындарын барлық банк бірігіп жабуға тиіс болады.

Қолдау кімге беріледі?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп қай банкті жүйе құраушы деп танитынын анықтайды. Бұл активтері мен депозит көлемі аса ірі банктер болмақ.

Агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, мұндай қолдау «соңғы шара» ретінде ғана қарастырылады.

«Мемлекеттік көмек тек миллиондаған салымшының мүддесін қорғау үшін қажет болған жағдайда беріледі. Бұл – бүкіл жүйенің құлдырауына жол бермеу тетігі», – деді ол.

Ортақ жауапкершілік тетігі

Жаңа нормаға сәйкес, мемлекет банкке қолдау көрсетсе, оның шығынын барлық банк міндетті жарна арқылы өтейді. Бұл тетікті Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева түсіндірді.

«Егер мемлекет көмек берсе, ол қаражат барлық банктің есебінен қайтарылады. Тіпті өзі мұндай қолдау ала алмайтын шағын банктер де үлес қосуға міндетті болады», – деді ол.