Қазақстанда мемлекеттен алған көмегін қайтармаған банктерді сату талаптарын қатаңдату жоспарланып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз сайтында тиісті қаулы жобасын жариялады.

Құжатқа сәйкес, банктің ірі акционері өзіне тиесілі үлесті азайту, яғни акцияларын сату үшін мына шарттардың бірін орындауға тиіс:

  • мемлекет қаражатының мерзімінен бұрын толық қайтарылуын қамтамасыз ету;
  • сатып алушыдан мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтару міндеттемесін алғаны туралы жазбаша растама алу (бұған қоса қайтару іс-шараларының жоспары, мерзімі және қаражат көздері көрсетілуге тиіс).

Егер ірі акционер өз үлесінің бір бөлігін ғана сатып, бірақ әрі қарай да ірі акционер болып қала берсе, бұл талаптар қолданылмайды.

2025 жылы мемлекеттік көмек алған банктердің бірі — Alatau City Bank Вячеслав Кимге сатылған болатын. Реттеуші орган жаңа акционердің мемлекеттік көмекті қалай қайтаратынын түсіндіріп бере алмаған.

Alatau City Bank-тен бөлек, мемлекетке әлі де Nurbank пен Еуразиялық банк қарыз. Олар мемлекеттік көмекті Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында алған болатын.

Айта кетсек, Қазақстандағы банктер мемлекеттен алған қолдауды қайтара бастады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова толық қарыз көлемі 1,3 трлн теңге екенін айтты. Енді RBK Bank 176,8 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтарса, қалған банктерде мынандай қарыз қалады: Alatau City Bank – 950,2 млрд теңге; Еуразиялық банк – 150 млрд теңге; Нұрбанк – 46,8 млрд теңге.