Мемлекет жұмыс тауып бергендердің зейнетақы аударымдары тексеріледі

Мемлекет жұмыс тауып бергендердің зейнетақы аударымдары тексеріледі

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 131 мыңнан астам азамат мемлекеттік жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Жалпы, жыл басынан бері бес ай ішінде 200,4 мың адам ресми түрде жұмысқа орналасқан.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, әрбір жұмысқа орналасу фактісі міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы арқылы тексеріледі.

Жұмысқа орналасқандардың ішінде:

  • 69,9 мың адам жұмысты өз бетінше Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы тапқан;
  • 69,8 мың адам мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасқан;
  • 55,7 мың адам «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жұмысқа тұрған;
  • 5 мың адам орталық мемлекеттік органдардың жобаларына тартылған.

Субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 69,8 мың адам жолданған. Оның ішінде:

  • 49,6 мыңы қоғамдық жұмыстарға;
  • 8,2 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған.

Нысаналы топтарды қолдау бағдарламалары да жалғасуда. «Күміс жас» жобасы арқылы 7,1 мың адам жұмыс тапса, 4,9 мың түлек жастар тәжірибесіне жіберілген.

Сонымен қатар еңбек нарығының сұранысына сай қайта даярлау жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 37,5 мың жұмыссыз азамат онлайн курстардан өтіп, оның 29,3 мыңы сертификат алған. Тағы 170,6 мың адам мансап орталықтарынан кәсіби бағдар мен кеңес алған.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 21 мың адам оқытылды. Оның жартысына жуығы курсты аяқтаған.

Биыл әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 мың мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бір гранттың көлемі 400 АЕК-ке дейін немесе 1,73 млн теңгені құрайды.

Министрлік жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде жалғасатынын мәлімдеді.