Келесі жылы банктер жеке тұлғаларды несиелеу қарқынын бәсеңдетуі ықтимал. Бұл контрциклдік капитал буферіне қатысты жаңа талаптардың енгізілуімен байланысты — енді банктер халыққа берілетін несиелер көлемінен белгілі бір үлесті капитал ретінде резервте ұстауға тиіс болады. Бұл туралы Ұлттық банктің төраға орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты.
Оның сөзінше, контрциклдік капитал буфері барлық банктер үшін міндетті норма ретінде 2026 жылғы 1 сәуірден бастап енгізіледі. Қаржы ұйымдары жеке тұлғаларға берілген несиелер көлемінің 2%-ын капиталға резервтеу қажет.
«Жалпы алғанда банктерге капиталын шамамен 450–480 млрд теңгеге арттыру қажет болады. Банктерге бұл талаптарды орындау үшін 12 ай берілді. Ол мерзім 1 сәуірде аяқталады. Сол уақытқа дейін банктер халықтың ағымдағы несие портфелі бойынша қажетті капиталды резервтеуі тиіс. Бұл несиелеу қарқынының біршама төмендеуіне әсер етеді — өйткені банктерге несие беру үшін көбірек капитал резервтеу керек болады. Олар несиелеу көлемін азайтпай-ақ қоюы мүмкін, бірақ бұғатталған капитал көлемі артады», — деді Баймағамбетов.
Ол бұл шара банктердің жоғары табыс кезеңінде қосымша капитал қорын жинауы үшін қажет екенін атап өтті. Егер дағдарыс не экономикалық құлдырау болса, сол қордағы қаражат несиелеуді тұрақты деңгейде ұстап тұруға жұмсалады. Ол банктердің өз таңдауы бар дейді: пайда есебінен капиталды арттырып, несиелеу қарқынын төмендетпеу немесе пайданы дивидендке бағыттап, несиелеу көлемін қысқарту.