Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған «Күміс жас» жобасы жалғасып жатыр. Жыл басынан бері жобаға 9,2 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл биылғы жоспардың 92 пайыздан астамы орындалғанын көрсетеді.
Жоба арқылы жұмысқа орналасқандар саны бойынша Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облыстары алдыңғы қатарда. Қатысушылардың 54,4 пайызы – әйелдер, ал 63,2 пайызы – ауыл тұрғындары.
«Күміс жас» 50 жастан асқан, жұмыс іздеп жүрген және Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға арналған. Оған қатысу мерзімі 36 айға дейін созылады. Қолдау тетігі аясында мемлекет жұмыс берушіге қызметкердің жалақысының бір бөлігін өтеуге көмектеседі. Ай сайынғы субсидия мөлшері 30 АЕК-тен аспайды.
Субсидия көлемі үш жыл ішінде біртіндеп өзгереді:
бірінші жылы – жалақының 70 пайызы;
екінші жылы – 65 пайызы;
үшінші жылы – 60 пайызы.
Бұл ретте жобаның маңызды талаптарының бірі – жұмыс беруші бағдарлама аяқталғаннан кейін қызметкерді тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуге тиіс.
Зейнеталды жастағы қатысушыларға жоба аяқталған соң кемінде бір жыл тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Ал 58 жастан асқан азаматтар зейнет жасына жеткенге дейін жұмысын жалғастыра алады.