Мәжілістің жалпы отырысында «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджеттің әлеуметтік салаларға басымдық беруі жалғаса беретінін айтты.
Министр мәліметінше, үш жылдық кезеңде әлеуметтік сала жұмсайтын ақша 26,7 трлн теңгені құрайды. 2022 жылмен салыстырғанда биыл оның деңгейі 643,2 млрд теңгеге ұлғая отырып, 8,1 трлн теңгеге жетеді.
«Бюджеттің жалпы көлеміндегі шығыстардың үлесі келесі жылы 50,8%-ға дейін өседі. Шығындар көлемінің көп бөлігі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мен оларға көмек көрсетуге бағытталған. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған шығыстар 2022-2024 жылдары 5,7 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңгені құрайды. Осы қаражат аясында медицина қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту көзделген», - деді Ә. Ерғалиев.
Оның сөзіне қарағанда, білім және ғылым жүйесін дамытуға 3 жылға 7 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңге көзделген. Бұл биыл бөлінген қаражаттан 477,1 млрд теңгеге артық.
«Экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға арналған шығындар орта мерзімді кезеңде 3,6 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылға 2 трлн теңгені құрайды. Осы бағыт аясында барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға шығыстар көзделген. Олар біртіндеп ұлттық жобаларға ұласатын болады», - деді министр.
Заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзету енгізілді. Түзетулердің бірінші блогы Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын қаржылық қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, 2022 жылға азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақыларын көтеруге 143,4 млрд теңге сомасында қаражат көзделген.
Түзетулердің екінші блогы депутаттардың бастамашылығы бойынша халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған. Осылайша, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға, ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен, су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй-шаруашылығын дамытуға қосымша қаражат көзделген.
2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен шамамен 4,7 трлн теңге бөлінетін болады. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 29,3%-ын құрайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі белсенді шаралардың арқасында 2001-2020 жылдар кезеңінде Қазақстанда кедейлік деңгейі, яғни табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 46,7%-дан 5,3%-ға дейін төмендеді.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін 2020 жылдан бастап қолданыстағы АӘК беру жүйесі түзетілді. Басты бағдар еңбекке ынталандыру, аз қамтылған азаматтардың табыстарын есепке алуға және мемлекеттік қолдау мөлшеріне қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болды.
Енгізілген шараларды іске асыру кешенде жүзеге асырылады, мемлекеттік қолдау мыналарды қамтиды:
- көп балалы аналарды қолдау;
- жаңғыртылған АӘК;
- кепілдік берілген әлеуметтік топтама.
АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері:
- 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 46 760 теңгеден (4 бала) 186 688 теңгеге (16 бала) дейін сараланған мөлшерде төленетін мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл ретте АӘК шеңберінде балаларға белгіленген төлемдер алынып тасталды.
- Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесі жаңғыртылды:
- Оқу орны бойынша тегін тамақтануды, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді, мектеп формасымен және керек – жарақтармен қамтамасыз етуді, мектеп жасына дейінгі балалар үшін азық – түлік жиынтықтарымен және гигиеналық керек-жарақтармен қамтамасыз етуді көздейтін 1 жастан 18 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылар қатарындағы балалар үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) енгізілді.