Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Сауда және интеграция министрлігі Ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Аңсар Оразалиев әлем халқының 30%-ы тауарларды онлайн сатып алатынын айтты. Халықаралық талдау агенттіктерінің бағалауынша, 2024 жылы әлемдік e-commerce нарығының көлемі 6,3 трлн доллар болды. 2025 жылы нарық көрсеткіші 6,8–7 трлн долларға дейін өседі деп болжанып отыр.

«Бүгінде әлемдік сауда құрылымы да айтарлықтай өзгеріп жатыр. Негізгі жаһандық трендтер: жасанды интеллектіні қолдану арқылы жеке ұсыныстарды қалыптастыру; әлеуметтік желілер және тікелей эфирлер арқылы сауда жасаудың артуы; экологиялық талаптардың күшеюі және эко-тауарларға сұраныстың өсуі», – деді спикер.

Электрондық сауда бес жылда 7 есе ұлғайды

Аңсар Оразалиевтің айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі электронды сауда көлемі 3,2 трлн теңгені немесе бөлшек сауданың 14,1%-ын құрады.

«2025 жылдың соңына дейін электронды сауданың бөлшек саудадағы үлесін 15%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 18,5%-ға дейін арттыру мақсаты қойылған», – деді ол.

Департамент директорының айтуынша, маркетплейстердегі сатылымның 62%-ы электротехника, смартфондар, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, ал 38%-ы күнделікті тұтыну тауарлары.

E-grocery (күнделікті сұраныстағы тауарлардың онлайн-саудасы) белсенді дамып келеді.

Фулфилмент-орталықтар бойынша ұлттық стандарт күшіне енеді

Онлайн-сауданы дамыту үшін 2027 жылға дейінгі электронды сауданы дамыту жоспары жүзеге асырылып келеді. Сала бойынша кәсіби стандарттар жаңартылып жатыр. Маркетплейстерде «Қазақстанда жасалған» арнайы бөлімдері енгізілді.

2024 жылы электронды сауда алаңдарына арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және сүйемелдеу жобаларын субсидиялау мен кепілдендіру туралы жаңа мемлекеттік қолдау қағидалары қабылданды. Қытайдан тауарларды тікелей сатып алу жобалары іске асырылып жатыр.

«2025 жылғы 4 қарашада «Фулфилмент-орталықтар» ұлттық стандарты бекітілді. Ол 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Стандарт сақтау, жеткізу, тапсырыстарды басқару және тауарды бақылау сияқты барлық негізгі процестерді қамтиды. Бұл сауда саласына инвестиция тартуға және электронды сауданың өсуіне елеулі ықпал етеді», – деді Оразалиев.

Қандай жаңалық енгізіледі?

Ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында жаңа заң әзірленгенін айтты.

«Электронды сауда алаңдары тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңның сақталуын көздейтін ішкі қағидалар қабылдауға және сатушылармен шарттар жасасуға міндетті. Бұл қағидалар тауар туралы толық әрі дұрыс ақпаратты, кепілдік, жеткізу, қайтару тәртібі және қауіпсіздік талаптарын сақтау талаптарын қамтиды. Алаңдар тұтынушылардың өтініштерін қарау сервисін қамтамасыз етіп, расталған бұзушылықтар кезінде сатушыларға шара қолдануға тиіс», – деді спикер.

Сонымен қатар алаңдар сату және жарнамаға қатысты деректерді бір жыл бойы сақтауға, сондай-ақ техникалық ақаулар туралы пайдаланушыларды хабардар етуге міндеттеледі.

Сондай-ақ жаңа Салық кодексінде электронды сауда қызметінің ашықтығын арттыру шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, интернет-алаң иелерінің сатылған тауарлар мен қызметтер, төлемдер туралы деректерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну қағидалары бекітілді.