Цифрлық активтер мен криптовалюталар қаржы нарықтарының бір бөлігіне айналды және өздеріне айтарлықтай назар аударуда. Олар инвестициялық және төлем құралдары ретінде, сондай-ақ жаңа қаржылық өнімдер мен сервистердің технологиялық негізі ретінде белсенді түрде ілгерілеуде. Цифрлық активтер мен криптовалюталар тақырыбы кәсіби қаржы қоғамдастығының шекарасынан шығуда  және бұл процесс осы сегмент төңірегіндегі ақпарат, жарнамалық хабарламалар мен қоғамдық пікірталастардың өсуімен бірге жүруде. Жеке инвесторлар мен қарапайым азаматтарға өз ақшаларын криптовалюталарға салу ұсынылуда. Бұл қоғамның жоғары назарын аудартуда, бірақ ілеспе тәуекелдерді бағалауға әрдайым жеткілікті көңіл бөлінбей жатады.

(1) Криптовалюталарға инвестиция салудың қандай тәуекелдері бар?

Криптовалюталарға және басқа да цифрлық активтерге инвестициялар жоғары тәуекелдермен қатар жүретінін есте ұстаған жөн. Оларға мыналар жатады:

  • жоғары баға құбылмалылығы және құралдың алыпсатарлық сипаты; 
  • кепілдендірілген кірістің болмауы (мысалы, облигациялар немесе банктік депозиттер бойынша тұрақты кіріс сияқты); 
  • криптовалюталарды іргелі бағалау үшін тексерілетін көрсеткіштердің болмауы, олардың құны көбінесе нарық қатысушыларының үміттерімен, сенім деңгейімен, желілік әсерлермен және алыпсатарлық сұраныспен қалыптасады. Дәстүрлі қаржы құралдарынан айырмашылығы, криптовалюталар, әдетте, активтерімен, ақша ағындарымен немесе эмитенттің міндеттемелерімен қамтамасыз етілмейді, бұл құнды бағалаудың классикалық әдістерін қолдануды шектейді;
  • инвестицияланған ақшалай қаражаттың толық немесе ішінара жоғалу тәуекелдері;
  • киберқауіпсіздік тәуекелдері, оның ішінде инфрақұрылымның осалдығы, цифрлық әмияндардың бұзылуы, жеке кілттердің жоғалуы, фишингтік шабуылдар және әлеуметтік инженерияның өзге де формалары;
  • шығу тегі күмәнді криптовалюталармен операцияларға адал инвесторлардың тартылу және олардың қылмыстық кірістерді жылыстату схемаларына ықтимал қатысу тәуекелдері.

Адал инвестор цифрлық активтерді қайда сатуға болатындығын және қай жерде саудалауға болмайтынын қалай тексере алады? Егер сіз криптонарық қатысушыларының жарнамасына тап болсаңыз, не істеу керектігін, заңсыз және алаяқтық схемаларға қатысу қаупін қалай азайтуға болатынын айтамыз.

(2) Сіз интернетте криптоалаңның жарнамасына тап болдыңыз. Не істеу керек?

Ең алдымен, бұл жарнамада сізге не ұсынылатынын түсіну маңызды: криптовалюталарды сатып алу үшін белгілі бір биржаны пайдалану, криптовалюталар арқылы жылдам «кепілдендірілген» кіріс табу немесе белгілі бір активтерге инвестициялар салу.

Есіңізде болсын, Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық активтер саласындағы басты құжат «Цифрлық активтер туралы» заң болып табылады. Онда цифрлық актив және оның түрлері туралы ұғымдар, сондай-ақ криптовалюталарды қоса алғанда, цифрлық активтердің Қазақстанда тиісті лицензиясыз айналымын ұйымдастыруға шектеулер белгіленген. Қазақстанда цифрлық активтер саласында қызмет көрсететін компаниялар (цифрлық активтер қызметтері провайдерлері) АХҚО юрисдикциясынан тыс немесе ҚР заңдарына сәйкес берілген рұқсаттарсыз заңды түрде жұмыс істей алмайды. 

Егер қарапайым тілмен айтсақ, онда қазақстандықтарда криптовалюталарды заңды түрде сату үшін барлық мүмкіндіктері бар, бірақ мұны тек тиісті лицензиясы немесе рұқсаты бар қызмет провайдерлері арқылы жасау керек. Мұны қалай тексеруге болады, әрі қарай айтамыз.

(3) Қазақстанда криптовалютаны заңды түрде қандай алаңдарда сатып алу керектігін қалай түсінуге болады?

Егер сіз интернетте криптобиржаның жарнамасын кездестірсеңіз, онда оның лицензиясы бар-жоғын тексеру маңызды. АХҚО қатысушыларына қатысты мұны АХҚО реттеушісі AFSA-ның сайтында – «Жария тізілім» бөлімінде (afsa.aifc.kz) жасауға болады.

Бұдан басқа, биржалардың өздері және цифрлық активтер қызметтерінің өзге провайдерлері өз сайттарында лицензияның болуын және оның нөмірін көрсетуі тиіс. Егер мұндай ақпарат табылмаса, онда құқықтық тәуекелдер туындайды және мұндай алаңдардан цифрлық активтерді сатып алудан бас тарту керек.

(4) Егер сіз криптовалюта нарығы жөнінде күмәнді жарнамаға тап болсаңыз, қайда жүгіну керек?

Егер сіз біздің елімізде жұмыс істеуге лицензиясы жоқ криптоалаңның жарнамасын көрген болсаңыз, онда сіз Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына куә болдыңыз деген сөз. Онда келесі алгоритмді орындаңыз.

Бірінші. Жарнаманы сақтап алыңыз. Мұны скриншоттар немесе порталға, қолданбаға немесе жарнамаға жарамды сілтемені көшіріп алу түрінде жасауға болады.

Екінші. Бұл ақпаратты ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жіберіңіз, содан кейін тексеру жүргізіледі. Мұны moap@mdai.gov.kz электрондық поштасы немесе eOtinish порталы арқылы жасауға болады.

Үшінші. Ақпарат расталған жағдайда ол бұғаттау үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберіледі. Сондай-ақ құқық қорғау органдары тарапынан тиісті тексеру жүргізілетін болады.

Есіңізде болсын: инвестицияларға қатысты жарнамалық ұсыныстарды, соның ішінде криптовалюта құралдарын мұқият зерделеңіз. Тек лицензияның болуы цифрлық активтер қызметтері провайдерінің криптовалюталармен байланысты қызметтерді ұсынуға құқығы бар екенін көрсетеді. Бұл адал инвесторлардың алаяқтық схемаларға және цифрлық активтердің заңсыз айналымына тартылу тәуекелдерін азайтады және инвесторға өз құқықтарын қорғауға заңды негіз береді.

(5) Криптовалюталармен сауда жасауға арналған алаңды таңдағанда нені есте сақтау керек?

Бірінші. Қазақстан Республикасының аумағында тиісті лицензиясыз немесе рұқсатсыз цифрлық активтермен қызметтер көрсетуге тыйым салынады.

Екінші. Реттеу коучтар мен консультанттар әлеуметтік желілерде ұсынатын цифрлық қаржылық активтер нарығындағы барлық инвестициялық кеңестер мен ұсыныстарға қатысты. Мысалы, консультациялық қызметті және инвестициялық кеңестер беруді өтеулі негізде жүргізу үшін АХҚО қатысушыларының AFSA-да берілетін «Инвестициялар жөнінде консультациялар» (Advising on Investments) лицензиясы болуы қажет.  

Үшінші. Қазақстанның екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдарды сақтандыру жүйесін қоспағанда, криптовалюталарды қоса алғанда, қаржы нарықтарындағы кірістерге «кепілдіктер» қарастырылмаған. Осыған байланысты «кепілдендірілген кірістер» деген желеумен жасалған жарнама әлеуетті инвесторларды адастыратынын немесе алаяқтық не заңсыз әрекеттермен байланысты екенін түсіну маңызды. Осындай инвестициялық мүмкіндіктерді зерттегенде абай болыңыздар.

Төртінші. Барлық ілеспе тәуекелдерді бағалауға жеткілікті назар бөліңіз. Криптовалюталарға және басқа да цифрлық активтерге инвестициялар жоғарыда аталған жоғары тәуекелдермен қатар жүретінін есте ұстаған жөн.