Қазақстанда алғаш рет ұлттық валютаға – теңгеге байланған стейблкоин шығарылды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа құрал криптовалюталарды айырбастауға және криптокарталар арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.
«Стейблкоин – қаржы әлемін түбегейлі өзгерткен төлем және қаржылық құрал. Ол алғаш рет іске қосылып отыр. Intebix, Solana және Mastercard компаниялары, сондай-ақ Еуразиялық банкпен бірлесіп теңгеге байланған стейблкоин жобасын жүзеге асырудамыз», – деді Сүлейменов.
Биыл Ұлттық банк цифрлық активтер бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, нақты құқықтық база қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір құмсалғыш режимінде сегіз пилоттық жоба тестіленуде. Олардың ішінде теңгелік стейблкоин; жылжымайтын мүлікті токенизациялау; нақты сектордағы басқа да активтерді цифрландыру бар.
Бұл жобалар ұлттық қаржы жүйесін әртараптандыруға және жаңа технологияларды заң аясында сынақтан өткізуге бағытталған.
Стейблкоиндер – құны тұрақты активтерге (валюта, алтын, биржалық индекстер) байланған криптовалюталар. Сондықтан олардың құны құбылмалы емес. Сарапшылардың пікірінше, теңгелік стейблкоин ішкі нарықта криптосауданы дамытуға, төлем инфрақұрылымын кеңейтуге және ұлттық валютаның цифрлық интеграциясын жеделдетуге ықпал етуі мүмкін.