Қазақстанның Ұлттық крипторезервін құрумен Ұлттық банктің еншілес ұйымы — Ұлттық инвестициялық корпорация (ҰИК) айналысады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.
Жобаны іске қосу үшін Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен 350 млн доллар бөлініп қойған. Бұл қаражат үшін Орталық депозитарийде арнайы шот ашылды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, криптоинвестицияның көзі тек Ұлттық қордың ақшасы болмайды.
«Крипторезервке құқық қорғау органдары тәркілеген криптовалюталарды да бағыттау жоспарланып отыр», — деді Сүлейменов.
Мемлекет әзірге криптоактивтерді тікелей сатып алуға асығар емес. Инвестициялаудың алғашқы кезеңі былай өтеді:
Хедж-фондтар арқылы: Қаражат хедж-фондтар арқылы орналастырылады. Қазірдің өзінде ҰИК-тің тізімінде (шорт-лист) осындай бес қор бар.
Венчурлік қорлар: Болашақта стратегия кеңейтіліп, венчурлік қорлардың капиталына кіру мәселесі де қарастырылуы мүмкін.