Каспий құбыр консорциумының терминалына мұнай тиеуге бара жатқан екі мұнай танкеріне дрон шабуыл жасап, соққы берді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Delta Harmony және Matilda танкерлері қазақстандық компаниялар — «Теңізшевройл» мен КПО консорциумының мұнайын тиеп алу үшін жалданып, экспортқа шығару үшін КҚК терминалына бет алған.
Қазақстанның Энергетика министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, қазіргі уақытта терминалда мұнай тиеу жұмыстары ВПУ-1 арқылы жалғасып жатқанын хабарлады.
Ведомствоның мәлімдеуінше, технологиялық процесс штаттық режимде жүріп жатыр, тек айлақтағы қазіргі ауа райына байланысты аздаған түзетулер енгізілген. Министрліктің басты басымдығы — экспорттық жеткізілімдердің тұрақтылығын сақтау және сақтау қуаттарының шектен тыс толып кетуіне жол бермеу.
Энергетика министрлігі сондай-ақ жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын және халықаралық серіктестермен, сондай-ақ консорциум операторымен тікелей байланыста екенін мәлімдеді.
Айта кетсек, Каспий құбыр консорциумының Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалының әкімшілік корпусы дрон шабуылы салдарынан зақымданып, мұнайды экспортқа тиеу тоқтаған еді. Одан кейін бір күннен соң теңіз терминалында экспортқа мұнай тиеу қайта басталғаны хабарланды.
29 қарашада Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан екінші жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды. ҚР Энергетика министрлігінің КҚК теңіз терминалындағы жағдайға арналған ресми түсініктеме беріп, мұнай экспорттауға КҚК-дан басқа жол іздеп жатқанын мәлімдеді.