Каспий құбыр консорциумының терминалына мұнай тиеуге бет алған MATILDA кемесі 2026 жылғы 13 қаңтарда дрон шабуылына ұшырады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметі хабарлады.

«MATILDA кемесін «ҚМТФ» ҰТМК» ЖШС («ҚМГ» еншілес компаниясы) жалдаған (фрахт). Танкерге қазақстандық мұнайды Каспий құбыр консорциумының терминалында тиеу 2026 жылғы 18 қаңтарға жоспарланған болатын. 13 қаңтарда танкерге ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан жарылыс болды, бірақ өрт шыққан жоқ. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ. Алдын ала бағалау бойынша, кеме жүзу қабілетін сақтап қалған, алғашқы тексеру кезінде құрылымдық жағынан елеулі зақымдану белгілері анықталған жоқ. Қазіргі уақытта шығын көлемі есептеліп жатыр», – деп көрсетті «ҚМГ».

Айта кетсек, бұған дейін Bloomberg агенттігі дрон шабуылының салдарынан екі танкердің зақымдалғанын хабарлаған болатын. Delta Harmony және Matilda танкерлері қазақстандық компаниялар — «Теңізшевройл» мен КПО консорциумының мұнайын тиеп алу үшін жалданып, экспортқа шығару үшін КҚК терминалына бет алған.

Қазақстанның Энергетика министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, қазіргі уақытта терминалда мұнай тиеу жұмыстары ВПУ-1 арқылы жалғасып жатқанын хабарлады.