Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша колледж бітіргендердің шамамен үштен бірі оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналаса алмай отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің дерегінше, 51 мың түлектің 34,6 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. Бұл — 68%. Ал қалған 16,4 мың адам жұмыс таба алмаған.
Сонымен қатар еңбек нарығында кадр тапшылығы мен мамандар даярлау арасында айтарлықтай алшақтық бар.
Құрылыс саласына 102 мың маман қажет, ал бұл бағытта небәрі 22,4 мың адам білім алып жатыр. Сұраныс ұсыныстан 4,5 есе жоғары.
Ауыл шаруашылығында 73 мың маман қажет болғанымен, студенттер саны — 12,7 мың. Яғни қажеттілік 5,7 есе көп.
«Бұл диспропорция мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірлер мен салалардың кадр қажеттілігіне сәйкес қайта бөлуді талап етеді», — деді Жұлдыз Сүлейменова.