Автор:  Halyk Finance  сараптама орталығының эксперті Санжар Қалдаров

2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында көлік секторы ІЖӨ өсімінің жоғары қарқыны аясында ең жылдам дамыған салалардың бірі болды. Секторға серпін берген факторлар қатарында: ауқымды мемлекеттік инвестициялар, мұнай өндірудің артуы және одан туындаған мультипликативті әсерлер, транзиттік және экспорттық ағымдардың ұлғаюы бар.

Саланың өсіміне ең көп үлес қосқан – жүк тасымалы. Ал тамыз айындағы көрсеткіштер маусымдық трендтердің ықпалымен қосымша жеделдеді.

Инвестициялар және бюджетке тәуелділік

Алғашқы сегіз айда көлік секторына салынған инвестициялар көлемі 14,3% артты. Бұл өткен жылдағы 0,1%-дық өсіммен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Алайда, бір маңызды жайт бар: бюджет қаржысының үлесі 18,5%-дан 23%-ға дейін көбейген. Сарапшылардың пікірінше, бұл саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін қауіпті тенденция, себебі мемлекеттік қолдау басым, ал жеке капитал мен тарифтік реформалар әлі жеткіліксіз.

Жүк тасымалы – негізгі кіріс көзі

Көлік секторындағы кірістің 79%-ы жүк тасымалына тиесілі. Оның ішінде:

теміржол – +7,6% (60% жүк ағымы),

автокөлік – +31,5%,

құбыр көлігі – +17,1% (31% жүк ағымы),

әуе – +9%,

теңіз – +4,3%.

Тек ішкі су көлігінде –40,9% төмендеу байқалды, бірақ бұл сегменттің үлесі мардымсыз.

Сарапшылар пікірі: теміржол мен құбыр көлігі әлі де стратегиялық рөлде, бірақ ұзақ мерзімде автокөлік және логистикадағы электронды сауданың өсуі жаңа драйверге айналуда.

Жолаушы тасымалы: такси – жаңа лидер

2025 жылдың сегіз айында жолаушы тасымалы +10% өсті.

Автокөлік тасымалы 47% үлеспен негізгі сегмент болып қала береді. Әсіресе такси қызметі жарты жылда +42,2% өсіп, жолаушылар саны 2,3 есе артты. Бұл нарықтың формализациясымен және қосымшалардың кеңеюімен байланысты.

Автобус тасымалы +15,1%, ал трамвай және троллейбус –10% төмендеді.

Әуе тасымалы +8,7% өссе, теміржол –1,7% қысқарды. Дегенмен, әлі де жолаушылар саны бойынша теміржол алда (13,5 млн), ал авиацияда – 10,6 млн.

Қорытынды: реформасыз өсім ұзаққа бармайды

Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, қазіргі өсім негізінен бюджеттік инъекциялар мен мұнай секторындағы серпінге сүйеніп тұр. Орта мерзімді перспективада тұрақтылық үшін тарифтік саясатты қайта қарау, жеке капиталды тарту және инновацияларды енгізу қажет.

Маңызды бағыттар: халықаралық көлік дәліздерін дамыту («Шығыс–Батыс», «Солтүстік–Оңтүстік», ТМТМ), мультимодальды хабтарды кеңейту, негізгі шекаралық өткелдердің өткізу қабілетін арттыру. Бұл шаралар Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, жаһандық жеткізілім тізбегіндегі орнын бекіте алады.