Kolesa.kz клиенттерді алаяқтардан қорғау үшін машиналық оқыту шешімдерін кеңінен қолдануда. Бұл туралы Kolesa Group Монетизация бағытының өкілі Олжас Қайыржанов мәлімдеді.  

Сарапшының сөзінше, алаяқтық схемасы үнемі өзгеріп отырады. Компания бір схеманы бұғаттайтын шешімдер тапқанда басқа алдау амалдары пайда болады. Бұл жерде қолданушыларға да сақтық керек.

«Біз алаяқтармен күресуде машиналық оқыту шешімдерін қолданамыз. Деректер негізінде айлакер қолданушыларды бірден бұғаттайтын ЖИ шешімдеріміз бар. Ол жалған жарнама мен спам хабарламаны модерациядан өткізіп отырады. Егер дұрыс емес әрекет істеген қолданушыны көрсе, бірден бұғаттайды. Ал қажет болған жағдайда прокуратурамен бірге жұмыс істейміз», — дейді Олжас.

Жүйеде жиі кездесетін алаяқтық схемасы — жалған жарнама іліп, алдын ала төлем сұрау. Бұл ретте сарапшы алымсақтарға мәміле жасамай тұрып қауіпсіздік туралы ойлауға кеңес береді.

«Біз қолданушыларға қауіпсіздік жөнінде ылғи ескертеміз. Кім сұраса да, қалай сұраса да, алдын ала төлем жіберуге болмайды. Егер қатты қажет болса, адамды қолынан жетектеп апарып, тек нотариус арқылы растап, келісімшарт рәсімдеу керек», — дейді маман.

Компания ұрланған автокөліктерді сатудың алдын алатын шаралар қабылдауда.

«Ұрланған көліктерді сату алаяқтығы спамерлер немесе алаяқтарға қарағанда азырақ. Өйткені бұл күрделі схема. Автомобиль қауіпсіздігі бойынша ауқымды жұмыс істейміз. Сату ашық жүру үшін «Автокөлік тарихы» деген қызмет қостық. Бұл қызмет жүрген көліктерді сатып алатындарға өте қажет еді. Біз мұнда қолданушыға көліктің өткен шағы  толық ақпарат пакетін ұсынамыз. Яғни, жол-көлік оқиғасы болды ма, қанша иесі болған, автомобиль біздің жүйе арқылы бұрын сатылған ба? Біз бұл қызметті өнімді жақында ғана іске қостық. Қазір қолданушыларға ұнап жатыр», — деп жаңа сервистің функциясын түсіндірді.  

Автомашина тарихын тексеру сервисінің құндылығын атап өткен сарапшы жуырда  қызмет аясы тағы кеңейетінін мәлімдеді.

«Біз қазір транспорттың апатқа түскен-түспегені көрсетеміз. Алдағы уақытта автокөлік аукциондарға қатысты ма, жоқ па, аударылған немесе суға батқан және т.б., менің ойымша, жақын арада қосылады. Қалған толықтыруларды біртіндеп іске қосамыз», — деп жаңалығын бөлісті Kolesa Group өкілі.