Қазақстанда биылғы картоп маусымы шаруалардың үмітін ақтамады. Жыл басында бағасы 500 теңгеден асқан картоп қазір тоннасына 110–120 мың теңгеге дейін түсіп кетті. Бағаның құлдырауына экспортқа жасалған әкімшілік шектеулер мен егіс көлемінің артуы әсер етті.
Экспорттағы жасырын тосқауыл
Қарағанды облысындағы «Найдоровское» ЖШС директоры Павел Лущактың eldala.kz сайтына шаруалар өз өнімін шетелге тиімді өткізе алмай қалғанын айтты.
«Биыл біз ерте пісетін картопты үш есе көп ектік – 230 гектар. Сұраныс Өзбекстаннан болды, өйткені оларда өнім аз шықты. Бірақ фитосанитарлық сертификат берілмегендіктен, экспортқа шығара алмадық», – дейді фермер.
Ішкі нарықтағы артық өнім
Биыл елімізде өткен жылға қарағанда 12,5 мың гектарға артық картоп егілген. Экспортқа жол жабылған соң, ішкі нарық өнімге толып кетті.
«Біздің өзіндік құн тоннасына 150–160 мың теңге. Бірақ қазір баға соған да жетпей тұр. Қаңтарда дүкендерде картоп 400–450 теңгеден сатылғанда, біз небәрі 190 теңгеден өткіздік. Қосымша табысқа делдалдар мен сауда орындары ие болды, ал кінәні бізге артып қойды», – дейді Лущак.
Шаруаларға әсері
Фермерлердің пікірінше, «қолмен басқарылатын» нарық ұзақ мерзімде ауыл шаруашылығына зиян тигізеді. Келесі жылы ерте пісетін сорттардың егісін азайтуы мүмкін. Себебі мұндай сорттардың өнімділігі төмен, ал қымбат сату мүмкіндігі болмаған соң, тәуекелге барудың қажеті жоқ.