Ұлттық банктің мәліметінше, резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2020 жылғы ақпанның соңында 0,6%-ға төмендеп, 18 578,8 млрд теңге болды.
Соның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 9 181,4 млрд теңгеге дейін 4,3%-ға төмендесе, жеке тұлғалардың депозиттері керісінше 9 397,5 млрд теңгеге дейін 3,3%-ға ұлғайды.
Осылайша жеке тұлғалардың салымдары қазақстандық банктердің қорының 53,4 пайызына жетті. Бұл тарихи максимум. Өткен жылғы ақпанда жеке тұлғалардың салымдары 8 трлн 54 млрд теңгені құрап, банктердегі депозиттің 50,4 пайызын құраған еді.
Жалпы, банктерге салынған депозиттің ішінде жеке тұлғалардың салымдары 2014 жылдан бері тұрақты түрде өсіп келеді. 2014 жылы қарапайым халықтың банктерге сақтаған ақшасы 4 трлн 9 млрд теңгені құрап, бар болғаны депозит нарығының 37,9 пайызын құраған еді.
Былтырғы ақпаннан бері депозит көлемі 11,1 пайыз артты десек, соның ішінде:
әл-Хилал банкіне салынған депозит 74,5 пайыз;
Жусан банкіне 57,7 пайыз;
ВТБ банкіне 40,3 пайыз;
РБК банкіне 34,4 пайыз;
KZI банкіне 32,7 пайыз;
Тұрғын үй құрылыс банкіне 29,8 пайыз;
Каспи банкке 28,4 пайыз;
Хоум Кредит банкіне 28 пайыз;
Шинхан банкке 26,8 пайыз;
Алтын банкке 25,9 пайыз;
Қазақстандағы Қытай банкіне 23,1 пайыз;
Альфа банкке 13,7 пайыз;
Сбербанкке 13 пайыз;
Касса Нова банкке 12,8 пайыз;
Еуразиялық банкке 9,8 пайыз;
Заман банкке 6,7 пайыз;
Форте банкке 4,3 пайыз;
Сити банкке 2,2 пайыз;
Халық банкке 1,1 пайыз;
АТФ банкке 0,2 пайыз көбейген.
Есесіне мына банктерге салынған депозит азайып кеткен. Атап айтар болсақ:
Капитал банкке салыған депозит 53,9 пайыз;
Азия Кредит банкіне 38,6 пайыз;
Нұр банкке 15,3 пайыз;
Тенгри банкке 14,3 пайыз;
Пәкістан Ұлттық банкіне 12,6 пайыз;
ЦентрКредит банкіне 1,7 пайыз азайған.
Жалпы, Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 10 802,1 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға ұлғайды, ал шетел валютасындағы депозиттер көлемі – 7 776,7 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға төмендеді. Долларландыру деңгейі 2020 жылғы ақпанның соңында 41,9% (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%) болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2020 жылғы ақпанда 5 356,8 млрд теңгеге дейін 2,1%-ға, шетел валютасындағы – 3 824,6 млрд теңгеге дейін 7,2%-ға төмендеді (заңды тұлғалар депозиттерінің 41,7%-ы).
Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 5 445,3 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға, шетел валютасындағы – 3 952,2 млрд теңгеге дейін 4,7%-ға ұлғайды (жеке тұлғалар депозиттерінің 42,1%-ы).
Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 0,7%-ға төмендеп, 12 615,8 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 7 329,5 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар 5 286,3 млрд теңгені құрады.