«KEGOC» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза табыстың 65%-ын, яғни 22,2 млрд теңгені дивиденд төлеуге бөлу туралы шешім қабылданды. Бір қарапайым акцияға төленетін дивиденд мөлшері 80,90 теңге болады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Компанияның мәліметінше, KEGOC-тың 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза пайдасы 34,3 млрд теңгені құрады.

«Қарапайым акциялар бойынша дивиденд төлеу басталатын күн — 2025 жылғы 10 қараша. Дивиденд алуға құқы бар акционерлердің тізімі 2025 жылғы 28 қазанда сағат 00:00-де тіркеледі. Төлем заңнама талаптарына сәйкес төлем басталған күннен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады. Дивидендтер акционерлердің шоттарына «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» арқылы қолма-қол ақшасыз аудару жолымен төленеді», — делінген хабарламада.

KEGOC дивидендтерді жылына екі рет төлейді. Компанияның мәлімдеуінше, акцияларды жария түрде орналастырған сәттен бастап, жоспарланып отырған төлемді қоса алғанда, компания өз акционерлеріне 327,5 млрд теңге бағыттайды.