Kcell компаниясының 2025 жылғы қаңтар–қыркүйек кезеңіндегі таза пайдасы 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе өсіп, 14,862 млрд теңге болды.
Аудиттелмеген, қысқартылған аралық шоғырландырылған қаржылық есептілік мәліметтері бойынша, биылғы тоғыз айда компанияның жалпы пайдасы 13,4% өсіп, 50,098 млрд теңгеге жеткен.
Сонымен қатар сатып алушылармен жасалған келісімшарттар бойынша кіріс 187,282 млрд теңгеге жетіп, 6,5% артты. Кірістің негізгі бөлігі — мобильді байланыс қызметтері мен өзге де қызметтерден түсетін табыс (жалпы соманың 74,4%).
2025 жылдың басынан бері Kcell активтері 9,3% өсіп, 464,1 млрд теңгеге жетті. Компания капиталы 8,1% артып, 196,5 млрд теңге болды.
Есепті кезеңде мобильді оператордың міндеттемелері 10,1% көбейіп, 267,5 млрд теңгеге дейін жеткен.
«2025 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша топтың қысқа мерзімді міндеттемелері оның айналым активтерінен 73,667 млн теңгеге артық болды. Қысқа мерзімді міндеттемелердің негізгі бөлігі 64,135 млн теңге көлеміндегі қысқа мерзімді несиелер мен қарыздардан, 26,592 млн теңге көлеміндегі сауда және өзге берешектен, 2,436 млн теңге көлеміндегі төленуге тиісті салықтардан және басқа да қысқа мерзімді қаржылық және қаржылық емес міндеттемелерден тұрады», — делінген қаржылық есептің түсіндірме жазбасында.
Айта кетсек, Kcell 2024 жылы 10,1 млрд теңге таза пайда тапты.
Вячеслав Ким Kcell компаниясындағы үлесін 9,08%-дан 23,95%-ға дейін арттырған еді. Ол бұған дейінгі 14,87% үлесті кәсіпкер Ғалымжан Есеновтен сатып алған.