Шағын бизнесті қолдау мақсатында екінші деңгейлі банктер тарапынан БКМ-мен біріктірілген POS-терминалдарды тегін ұсыну мәселесі шешілді. Бұл стационарлық POS-терминалдар немесе телефонға орнатылатын мобильді POS-қосымшалар болуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Кәсіпкерлер үшін қазірдің өзінде не қолжетімді?

Kaspi Bank пен Halyk Bank POS-терминалдары толыққанды БКМ ретінде жұмыс істейді және штрих-кодтарды сканерлеу функциясымен жабдықталған.

Жақын арада осындай функциялар Freedom Bank Kazakhstan және ЦентрКредит банктің POS-терминалдарында да іске қосылады.

Осылайша, Мемлекеттік кірістер комитеті фискалдық деректер операторларымен (ФДО), банктермен және кассалық техника өндірушілерімен бірлесіп, сауда үшін ыңғайлы және автоматтандырылған шешімдерді қалыптастыруда.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексі мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің №626 бұйрығының жаңартылған талаптары күшіне енеді.

ФДО міндеттеріне мыналар жатады:

  1. 1. Ел аумағы бойынша ФДО қызметтерін көрсету.
  2. 2. Есеп айырысулар туралы деректерді МКК-ге жедел түрде беру.
  3. 3. Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) пайдалану бойынша сервистерді өз порталдарында орналастыру.
  4. 4. БКМ геолокациялық деректерін МКК беру.
  5. 5. БКМ-ден келіп түсетін деректерге күн сайын мониторинг жүргізу.

БКМ өндірушілерінің міндеттеріне мыналар жатады:

  1. 1. Чек форматын жаңарту: енді чекте ҰТК сәйкес тауарлар мен қызметтердің атаулары міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
  2. 2. Чекті жою функциясын алып тастау — барлық түзетулер тек қайтару чегін ресімдеу арқылы жүзеге асырылады.

Аталған өзгерістер тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, бизнестің ашықтығын арттыруға, адал бәсекелестікті дамытуға және көлеңкелі айналымды қысқартуға бағытталған.

Кәсіпкерлерден талап етіледі:

1. БКМ-ді жаңарту

  • Барлық бағдарламалық касса 2.0.3 хаттамасына автоматты түрде жаңартылған.
  • Стационарлық БКМ-нің (Меркурий, Миника, Порт) иелеріне жаңарту үшін техникалық қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет.

2. Чекте тауар атауларын көрсету тәртібі қандай?

Ол үшін штрих-код сканерін пайдалану қажет:

  • POS-терминалға кіріктірілген сканер;
  • мобильді БКМ пайдаланылған жағдайда телефон камерасы;
  • стационарлық кассаға арналған жеке сканер.