Қазақстан кәсіпкерлері шағын және микробизнеске арналған жеңілдетілген салық режимінен айыру қаупіне алаңдап отыр. Жаңа Салық кодексі аясында кейбір қызмет түрлерін жалпыға бірдей салық салу тәртібіне көшіру ұсынылған.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдегендей, Үкіметпен бірлескен диалог нәтижесінде бірқатар даулы тармақ алынып тасталған. Алайда кей салалар үшін шектеулер әлі де қауіпті – олар кәсіпорындардың жабылуына, бағаның көтерілуіне және көлеңкелі экономиканың ұлғаюына әкелуі мүмкін.
«Атамекен»: Кей салаларға қауіпті шектеулер
Палата өкілдері кодтар тізімін өңірлік кәсіпкерлермен және салалық қауымдастықтармен бірлесіп қайта қарағанын айтады. Алайда бірқатар ерекше жағдай бар – оларды назардан тыс қалдыру бизнес үшін қатерлі болуы ықтимал.
«Көп мәселе бойынша Үкімет ымыраға келді, бірақ кейбір тармақтар шағын салалар үшін өмірлік маңызды. Біз әлі де басты ұстанымда қаламыз: шағын және микробизнеске шектеу қоюға болмайды», – деп хабарлады «Атамекен» өкілдері.
Қай салалар тәуекел аймағында
Медицина. «Басқа да денсаулық сақтау қызметі» деген ортақ кодтың астына ірі клиникалармен қатар шағын массаж және логопед кабинеттері де енгізілген. Бұл шешім ауылдық жерлерде қызмет бағасының өсуіне және бизнестің жабылуына әкелуі мүмкін.
Туризм. Ішкі туризммен айналысатын операторлардың басым бөлігі – микробизнес. Оларды жалпы тәртіпке көшіру саланың дамуын тежейді.
Зергерлік іс. «Зергерлік бұйымдар өндірісі» ірі зауыттар мен жеке шеберлерді бір санатқа енгізілген. Бұл шағын ұстаханалардың жабылуына және өнімнің қымбаттауына алып келеді.
Бөлшек сауда. Аптекалар мен желілік маркетинг компаниялары да тізімге енген. Бұл әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмек бағасының өсуіне және мыңдаған өз бетінше жұмыс істейтін адамның табысынан айырылуына себеп болуы мүмкін.
Мәдениет және өнер. Концерт ұйымдастырушылар мен мәдени іс-шара өткізушілердің шығындары артады, соның салдарынан билет бағасы да өседі.
Пәтер иелері кооперативтері. Олар заңды тұлғамен келісімшарт жасаса да, қызметін жеке тұлғалар – тұрғындар үшін атқарады. Нәтижесінде тарифтер қымбаттап, әлеуметтік шиеленіс күшеюі мүмкін.
Микробизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да алаңдаулы
Креативті индустриядағы шағын өндірушілер (сабын, косметика, қолөнер) валюталық тәуекелмен қатар жаңа салық қысымына да тап болмақ. Ал ұсақ өндіріс орындары (текстиль, макарон, тұрмыстық тауарлар) бухгалтер ұстауға қауқарсыз болғандықтан, жабылу қаупінде.
Реформа қолөнершілер, сантехниктер мен электриктер секілді тұрмыстық қызмет көрсетушілерге де әсер етеді – олар жеке тапсырыспен жұмыс істейді және ресми есеп жүргізуге мүмкіндігі жоқ.
«Атамекен» ұсынған шаралар
Кәсіпкерлер кейбір кодтарды өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған рұқсат етілген тізімге енгізуді сұрап отыр.
«Көптеген әйел декретте отырып табыс табады — торт пісіреді, косметикамен айналысады, шаш қияды. Оларды жарнама агенттігімен теңестіру дұрыс емес», — дейді кәсіпкер Қарлығаш Мұқанова.
Ал шағын типографиялар мен баспа үйлері ірі жарнама агенттіктерімен бәсекелес емес екенін айтып, өздерін тізімнен шығару туралы өтініш білдірді.
Кездесуге қатысушылар өз ұсыныстарын жазбаша түрде жолдайды. Ал «Атамекен» жақын күндері сараптамалық қорытынды дайындап, Үкіметпен диалогты жалғастырмақ.