KASE мен AIX биржаларын заңды түрде біріктіру идеясынан бас тартылды. Оның орнына екі биржаның жұмыс істеу талаптарын біртіндеп жақындату ұсынылып отыр.
Бұл туралы 2 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов Капитал нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасын таныстыру кезінде мәлімдеді.
Қазірдің өзінде екі алаң бір-бірімен тығыз байланысты:
акциялар нарығы капитализациясының 85%-дан астамы екі биржада да ұсынылған эмитенттерге тиесілі;
KASE және AIX-те жұмыс істейтін компаниялар брокерлер айналымының 90%-дан астамын қалыптастырады;
компаниялар бағалы қағаздарын екі биржада да орналастыра алады;
кәсіби қатысушылар екі нарықта қатар жұмыс істейді.
Бірінші кезеңде KASE мен АХҚО арасындағы реттеуді үйлестіру күшейтіледі. Бірыңғай үйлестіру комиссиясы листинг, лицензиялау, клиент активтерін қорғау, корпоративтік басқару, ақпаратты ашу және қадағалау талаптарын салыстырып, жақындастыру бағыттарын анықтайды.
Бұл ретте екі юрисдикцияның ерекшеліктері мен артықшылықтары сақталады.
Екінші кезеңде сауда, клиринг және депозитарлық инфрақұрылымның өзара іс-қимылын жақындату мүмкіндігі қарастырылады.
Реттеушінің түпкі мақсаты — Қазақстанда қатысушылар биржаны ең алдымен қызмет сапасы, инфрақұрылым және капитал тарту мүмкіндігіне қарай таңдайтын біртұтас әрі тиімді капитал нарығын қалыптастыру.
Еске салайық, 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев KASE мен AIX-ті біріктіру қажеттігін айтқан болатын. 2025 жылдың шілдесінде Ұлттық банк биржаларды біріктіру процесінің тоқтатылғанын хабарлады.