Тоғыз айдың қорытындысы бойынша елімізде 55 мейрамхана пайдалануға берілді. Бұл кейінгі жеті жылдағы және көрсеткіш жарияланған бүкіл кезеңдегі ең жоғары мән. Былтырмен салыстырғанда өсім 1,8 есе, бұл кезең ішіндегі ең айқын серпіліс болып отыр. Мұндай деректерді ҚР Ұлттық статистика бюросы келтірді.

Сонымен бірге, жалпы орын саны туралы деректер он жылға дейінгі мерзім бойынша беріледі. 2025 жылдың тоғыз айындағы деңгей 16,2 мың орын, бұл 2018 жылдың қаңтар–қыркүйегінен бергі ең жоғары көрсеткіш (ол кезде – 19,4 мың орын болған).

Алайда бір мейрамханадағы орташа орын санын есептеу мүмкін емес, себебі статистикада жаңа салынған нысандар ғана мейрамхана ретінде тіркеледі, ал орын санына қайта жөнделген нысандар да кіреді.

Дегенмен, бір орынның орташа құнын есептеуге болады. Ұлттық статистика бюросы нөлден салынған және реконструкцияланған мейрамханалардың жалпы нақты құнын да жариялайды.

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 57 млрд теңгеге жуықтап, былтырғы жылмен салыстырғанда 2,7 есе өсті. Осылайша, бір орынның орташа құны – шамамен 3,5 млн теңге (жылдық өсім +46%) деп шамалауға болады.

Елімізде жаңа мейрамханалар аймақтар бойынша біркелкі ашылмаған. Барлық нысанның 40%-дан астамы немесе 23-і Түркістан облысына тиесілі. Екінші орында – Қызылорда облысы (7 нысан), үшінші орында – Атырау облысы (5 нысан). Ал Астанада бар-жоғы бір мейрамхана ашылған, бірақ бір орынның орташа нақты құны ең жоғары – 12,3 млн теңге. Бұл мейрамхана 200 орынға есептелген. Алматы қаласында жаңа мейрамхана ашылғаны туралы ресми статистика тіркелмеген.

Айта кетерлігі, кафе саны да рекорд жаңартты. Тоғыз айдың ішінде 68 кафе ашылды. Бұл кейінгі алты жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Жалпы орындар саны – 4,9 мың, ал барлық нысанның нақты құны – 11,7 млрд теңге.

2025 жылдың басындағы соңғы ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 2,4 мың мейрамхана (339,1 мың орын) және 5,2 мың кафе (293,4 мың орын) жұмыс істеп тұр.