Halyk Finance сарапшылары қазақстандық сауда-саттықтың қазіргі ахуалына шолу жасады. Олар қаңтар–тамыз айларындағы ішкі сауда динамикасын талдап, өсімнің жеделдегенін, бірақ дисбаланс әлі де сақталып отырғанын атап өтті.

Қазақстан экономикасының маңызды сегменттерінің бірі – ішкі сауда – 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 8,9% өсті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (5,5%) айтарлықтай жоғары. Дегенмен сарапшылар бұл серпіннің негізінен мемлекеттік шығындар мен инфрақұрылымдық жобалар есебінен қалыптасып отырғанын, ал ұзақмерзімді тұрақтылыққа қатысты сұрақтар ашық күйінде қалғанын айтады.

Көтерме сауда – негізгі драйвер

Сауда секторының өсімін негізінен көтерме сауда қамтамасыз етті. Оның үлесі жалпы айналымның 66,6%-ын құрайды, ал өсім қарқыны бір жылда 9,8%-ға жетті (өткен жылы – 4,7%).

Негізгі серпін өндірістік және тұрмыстық емес тауарлардан (+15,5%) байқалды. Ал азық-түлік тауарларының өсімі бар болғаны 4,1% деңгейінде қалды.

Бұл динамикаға тау-кен өнеркәсібіндегі жоғары көрсеткіш, инвестициялық белсенділіктің артуы және өткен жылғы төмен база әсер етті.

Бөлшек сауданы халық табысы шектеп отыр

Бөлшек сауда көлемі 6,9% ұлғайды (өткен жылы – 6,8%). Сұранысты негізінен тұрмыстық тауарлар, автокөлік пен тұрғын үй нарығының белсенділігі қолдап отыр. Автокөліктерді тіркеу саны +17,8%, тұрғын үй мәмілелері +3,0% (II тоқсанда +9,3%) болды. Алайда негізгі шектеуші фактор – халық табысы. II тоқсанда нақты жалақы өсімі нөлге тең болды. Сарапшылардың айтуынша, тұтынушылық несиелер қысқа мерзімде бөлшек саудаға демеу болғанымен, бұл тренд ұзаққа созылмайды.

Өңірлердегі көрсеткіш

Ішкі сауда айналымы үш өңірде шоғырланған:

Алматы – 35,6%,

Астана – 15%,

Атырау облысы – 14,7%.

«Бұл өңірлер елдегі сауданың шамамен екіден бірін қамтамасыз етеді. Мұндай құрылым Қазақстан экономикасындағы аймақтық теңсіздікті айқын көрсетіп отыр», – делінгее шолуда.

Жыл соңына болжам

Аналитикалық орталық сарапшыларының болжамынша, жыл соңына қарай сауда өсімі бәсеңдеуі ықтимал. Бұған фискалдық ынталандырудың азаюы, тұтынушылық несиенің баяулауы, халықтың нақты табысының төмендеуі, «төмен база» әсерінің жойылуы әсер етеді.

«Сонымен бірге, мұнай өндірудің артуы мен жаңа инфрақұрылымдық жобалар қысқа мерзімде өсімді қолдап отырады. Бірақ ұзақмерзімді тұрақтылық үшін құрылымдық реформалар мен халық табысын арттыру шешуші фактор болмақ», – дейді сарапшылар.