Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов 2025 жылдың тамыз айынан бастап елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін уақытша өтеулі пайдалануға, яғни, жалға алуға конкурс өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілгенін хабарлады. 

Басты жаңалық — конкурстық ұсыныстарға қойылатын міндетті есептік талап. Енді өтініш берушілер жерді игерудің алғашқы бес жылында бір гектарға салынатын инвестиция көлемін көрсетуге тиіс. Сонымен қатар өтінімдерді қарау кезінде мына факторлар үшін қосымша балдар беріледі: 

  • Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының болуы;
  • Мал басының саны;
  • Салада жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі.

«Бұл процесс ашық, объективті жүреді және ауыл шаруашылығын дамытуға нақты бағытталады», – деп атап өтті Мұрат Теміржанов.

Ведомство еліміздің жер ресурстарын ауқымды тексеру қорытындыларын да ұсынды. Комитет басшысының айтуынша, өткен жылы 6,6 млн гектар алқапта — топырақ зерттеуі, 7,5 млн гектарда — геоботаникалық зерттеулер жүргізілген. Жалпы алғанда, барлық ізденіс жұмысының ауданы 29 млн гектардан асқан.

Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құруға ерекше көңіл бөліп отыр. Спикердің сөзінше, цифрландыру жер туралы деректерді жүйелеуге, ақпараттың қолжетімділігін арттыруға және жер қорын басқару тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.