Мемлекеттік бағдарламалардың көптігі және бизнеске жеңілдетілген несиелердің белсенді түрде берілуі инфляцияны баяулатуға бағытталған шаралардың тиімділігін төмендетеді. Бұл туралы Қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова айтты.
Оның дерегіне сүйенсек, мемлекет экономика дамуына 192 мемлекеттік бағдарлама арқылы 10,1 трлн теңге бағыттаған. Бірқатар секторда мемлекеттік қаржыландырудың үлесі жартысынан асып кетеді. Мысалы, ипотекада мемлекеттік бағдарламалардың үлесі – 57%, ауыл шаруашылығында – үштен екі бөліктен де көп. Бизнеске жеңілдетілген несие беру бағдарламаларындағы мемлекеттік үлес 48%-ға жетеді.
«Бизнестің шамамен 35%-ы екінші деңгейлі банктерден тыс, квазимемлекеттік ұйымдар арқылы несие алады. Ал бизнеске берілетін несиелеудің құрылымына қарасақ, мемлекеттік бағдарламалардың (субсидиялау, кепілдендіру) әсері – тағы 12,8%. Барлығын қосқанда шамамен 48% шығады», – деп түсіндірді ол.
Ұйым басшысының сөзінше, жеңілдетілген қаржыландырудың осындай жоғары үлесі ақша-несие саясатының икемділігін төмендетуге тікелей әсер етеді.
«Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерген кезде, экономикада ақшаны қымбаттату үшін жасалған осы қадам арзан мемлекеттік бағдарламалардың әсерінен бейтараптанып қалады. Өйткені олар нарықтық тетіктерді айналып өтіп ұсынылады», – деді ол.
Елена Бахмутова азық-түлік емес инфляцияның негізгі драйвері — валюта бағамы екенін, ал тұтынушылық несиелеудің әсері әлдеқайда төмен екенін айтты.
«Доллардың теңгеге қатысты орташа бағамы мен азық-түлік емес тауар арасында тікелей байланыс бар. Біздегі тауарлардың басым бөлігі — импорт. Үкіметтің отандық өндірісті арттыруға, әсіресе азық-түлік өндірісін ұлғайтуға бағытталған шаралары да осы мәселемен байланысты. Бұл, әрине, инфляцияға тікелей әсер етеді», — деді ол.
Сонымен қатар Бахмутова теңге бағамы әлсіреген 2022–2025 жылдар аралығында азық-түлік емес тауарлар бағасының өсуі толықтай валюталық қайта бағалауға байланысты болғанын айтты.
«Тұтынушылық несиелеудің жоғары өсімі жағдайында да азық-түлік емес инфляцияның негізгі көзі — валюта арнасы болып қала береді. Оның әсері кез келген басқа фактордан күштірек», — деді Бахмутова.
Сондай-ақ ол жаңа несие беру статистикасы бойынша қорғалмаған (кепілсіз) қарыздардың рәсімделу қарқыны бәсеңдеп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2023 жылы жаңа несиелердің өсімі 36% деңгейінде болса, 2024 жылы – 33%, ал 2025 жылы – 13%-ға дейін төмендеді. Бұған, оның ішінде, Қазақстан халқының табысының төмендеуі әсер еткен.
Бахмутованың түсіндіруінше, кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша өтінімдердің шамамен 32%-ы мақұлданады. Ірі бизнес сегментінде бұл көрсеткіш – 53% шамасында, ал шағын және орта бизнес бойынша – 33%.
Сонымен бірге Бахмутова банктер секторы төртінші тоқсанда бөлшек несиелеудің өсімі одан әрі баяулайды деп күтетінін, оған автонесиелер де кіретінін айтты. Бұған жеке тұлғаларға арналған лизингті дамыту бойынша қолға алынған шаралар да әсер етуі мүмкін.