Қазақстанда жеке кәсіпкерлер үшін несие рәсімдеу тәртібі жеңілдетілді. Енді бизнес мақсатындағы қарыздарды алу кезінде жұбайының келісімі талап етілмейді. Бұл өзгеріс қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2025 жылғы 28 тамыздағы №50 қаулысымен бекітілді.
Бұрын қандай талап болған?
2024 жылдың қыркүйегінен бастап заңнамада мынадай шарт бар еді:
• Жеке тұлғалар кепілсіз несие алғанда 1000 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 3,9 млн теңге) асатын сома үшін жұбайының келісімін көрсетуге тиіс болатын.
• Жеке кәсіпкерлерге қойылатын шек бұдан да жоғары еді — 2700 АЕК (шамамен 10,6 млн теңге).
Бұл талап тек кейбір жағдайларда ғана алынып тасталды: мысалы, несие бұрынғы қарызды қайта қаржыландыру үшін рәсімделсе немесе жұбайы қоса қарыз алушы ретінде қатысса.
Өзгеріс неге енгізілді?
Сарапшылардың пікірінше, ескі ереже кәсіпкерлер үшін артық бюрократиялық кедергі болды. Агенттіктің жаңа шешімі жеке кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл өзгеріс 2025 жылғы 30 маусымда қабылданған «Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау туралы» заңды іске асыру аясында қабылданды.