2025 жылдың басынан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) салымшыларына 1,3 трлн теңге инвестициялық табыс аударылды. Жинақтардың орташа табыстылығы 5,43% болды. Алайда сарапшылардың айтуынша, қысқа мерзімді көрсеткіштер активтерді басқарудың тиімділігін толық ашпайды. Бағалы қағаздар бағамы мен валюталық өзгерістерге байланысты табыстылық уақытша құбылып тұрады, сондықтан дұрыс бағалау үшін ұзақ мерзімді аралық қажет.

Ұлттық банк пен инфляция көрсеткіші

2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы тамызға дейінгі кезеңде БЖЗҚ инвестициялық табысы 2,74 трлн теңгені құрап, жылдық табыстылық 12,6% болды. Бұл инфляция деңгейінен (12,2%) сәл жоғары.

Сонымен қатар жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша жинақ 551,2 млрд теңгеге жетті. Ұлттық банк осы қаражатты басқаруда жыл басынан бері 1,25% табыс (5,34 млрд теңге) көрсетті.

Жеке басқарушылардың нәтижелері

Ұлттық банкпен қатар, зейнетақы активтерін жеке компаниялар да басқарады. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, олардың табыстылығы Ұлттық банктен жоғары, кейбірі инфляциядан да асып түсті:

Halyk Finance – 38,55 млрд теңгені басқарады. Табыс: 2,18 млрд теңге, табыстылық: 5,64%.

Сентрас Секьюритиз – 2,98 млрд теңге. Табыс: 238,7 млн теңге, табыстылық: 9,88% (ең жоғары көрсеткіш).

Alatau City Invest – 12,74 млрд теңге. Табыс: 706,2 млн теңге, табыстылық: 5,69%.

Halyk Global Markets – 6,42 млрд теңге. Табыс: 349,3 млн теңге, табыстылық: 5,76%.

BCC Invest – 7,67 млрд теңге. Табыс: 466,8 млн теңге, табыстылық: 7,10%.