OLX Қазақстанның талдау қызметінің 2026 жылдың көктем айларының соңындағы деректеріне сәйкес, уақытша жұмысқа арналған ең сұранысқа ие бос орындар қызмет көрсету, сауда, әкімшілік қолдау және клиенттерге қызмет көрсету салаларында шоғырланған.
Промоутерлер: еңбек жолын бастаудың ең қолжетімді мүмкіндігі
Студенттер үшін ең кең таралған бос орындардың бірі – промоутер қызметі. Мұндай мамандар жарнамалық материалдарды таратады, әлеуетті клиенттерге тауарлар мен қызметтер туралы ақпарат береді, сондай-ақ жарнамалық науқандар мен іс-шараларды өткізуге көмектеседі.
2026 жылғы сәуірде промоутерлерге ұсынылған орташа жалақы 106 мың теңге болды. Табыс деңгейі салыстырмалы түрде жоғары болмаса да, икемді жұмыс кестесі мен еңбек тәжірибесіне қойылатын қатаң талаптардың болмауы бұл бос орындардың танымалдылығын сақтап отыр.
Қоғамдық тамақтану саласы сұранысқа ие бағыттардың бірі болып қала береді
Жаз мезгілінде қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлеріне деген сұраныс дәстүрлі түрде жоғары болады. Күн жылынған сайын кафе, мейрамхана және жазғы террасалар қосымша қызметкерлерді жұмысқа тартады.
Даяшыларға ұсынылған орташа жалақы 212 мың теңге. Бармендер мен баристалар үшін ұсынылатын жалақы деңгейі де осы шамада – орта есеппен 213 мың теңге.
Көптеген студенттер үшін қоғамдық тамақтану саласындағы жұмыс алғашқы тұрақты еңбек тәжірибесіне айналады. Негізгі жалақыдан бөлек, қызметкерлер шайпұл түрінде қосымша табыс таба алады. Бұл мұндай бос орындарды әсіресе маусымның қызған шағында тартымды етеді.
Кассирлер мен әкімшілер: тұрақты табыс және клиенттермен жұмыс тәжірибесі
Бөлшек сауда және клиенттерге қызмет көрсету саласы да жас жұмыс іздеушілерді белсенді түрде тартады. Кассир лауазымы тәжірибесі жоқ үміткерлер үшін ең қолжетімді қызметтердің бірі болып саналады.
OLX.kz деректеріне сәйкес, кассирлерге ұсынылатын орташа жалақы 238 мың теңгеге жеткен.
Әкімшілердің еңбекақысы бұдан да жоғары болды. Бұл санат бойынша орташа жалақы 260 мың теңгені құрады. Әдетте олардың міндетіне келушілермен жұмыс істеу, қоңыраулар қабылдау, ішкі үдерістерді ұйымдастыру және күнделікті әкімшілік мәселелерді шешу кіреді.
Еңбек нарығының сарапшылары дәл осы әкімші қызметі студенттерге коммуникация, жұмыс процесстерін ұйымдастыру және клиенттермен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтеді. Мұндай тәжірибе кейін кез келген мамандықта қажет болады.
Операторлар – жаппай бос орындар арасындағы ең жоғары жалақы ұсынылатын мамандар
Ұсынылатын жалақы деңгейі бойынша жаппай санаттар арасында операторлар көш бастады. Бұл топқа call-орталық қызметкерлері, диспетчерлер және клиенттердің өтініштерін өңдейтін мамандар кіреді.
2026 жылғы мамыр айында бұл бағыттағы бос орындар бойынша орташа жалақы 357 мың теңге. Бұл – ұсынылған жаппай мамандықтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Жоғары жалақының басты себептері – клиенттермен тұрақты байланыс жасау қажеттілігі, ақпараттық жүйелермен жұмыс және қызмет көрсету сапасына жауапкершіліктің жоғары болуы.
Арнайы дағдылар қай салада қажет?
Студенттердің бір бөлігі өздерінің кәсіби дағдыларына сәйкес қосымша жұмыс іздеуді жөн көреді. Мысалы, фотографтар мен видеографтарға ұсынылған орташа жалақы 124 мың теңгені құрады.
Статистикада мәтіндік контент дайындаумен айналысатын мамандар жеке көрсетілген. Бұл санат бойынша орташа көрсеткіш 3 583 теңге. Ал репетиторлар, оқытушылар және тьюторлар кіретін «Білім беру» санатында орташа көрсеткіш 4 162 теңге.
Бұл көрсеткіштер аталған санаттардағы хабарландырулардың ерекшелігін көрсетеді. Себебі мұнда көбіне ай сайынғы табыс емес, жекелеген қызметтің немесе сабақтың құны көрсетіледі.
Жазда студенттер қандай бос орындарға назар аударғаны жөн?
Бос орындарды талдау нәтижелері студенттер үшін ең қолжетімді жұмыс орындары ретінде промоутер, даяшы, бариста, кассир және әкімші қызметтері қалып отырғанын көрсетті.
Ал жоғары табыс табуды мақсат ететіндерге call-орталықтар мен сервистік қызметтердің операторлары бойынша бос орындарға назар аударған жөн.