Күннің жылуымен Қазақстанда қала сыртындағы жылжымайтын мүлікке қызығушылық қайта жанданды. OLX Қазақстан деректеріне сәйкес, ел бойынша саяжай, шағын үй және жер телімдерін сатуға қатысты 22,5 мыңнан астам хабарландыру жарияланған. Нысандардың орташа құны шамамен 15,5 млн теңге.

Ұсыныстар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Өңірде 6 468 нысан сатылымға қойылған, орташа баға — 7,8 млн теңге. Сарапшылар мұны салыстырмалы түрде қолжетімді бағамен және өңірдегі саяжай инфрақұрылымының дамуымен байланысты.

Алматы облысы ұсыныстар саны бойынша екінші орында — 5 202 хабарландыру. Бұл өңірде баға айтарлықтай жоғары: бір нысанның орташа құны 26,3 млн теңгеден асады. Нарықтағы жоғары сұраныс Алматыға жақын орналасумен және қала сыртындағы үйлердің пәтерге балама ретінде қарастырыла бастауына байланысты.

Қолжетімді сегментке қызығушылық басқа өңірлерде де байқалады. Қарағанды облысында орташа баға 7,4 млн теңге болса, Ақмола облысында — 11,3 млн теңге, Ақтөбе облысында — шамамен 12 млн теңге.

Сатып алушылар көбіне шағын жер телімі бар, жөндеуі дайын және инженерлік коммуникациялары жүргізілген үйлерді таңдауда. Сарапшылардың айтуынша, саяжайлар біртіндеп тек маусымдық демалыс орны емес, тұрақты тұруға немесе инвестицияға арналған жылжымайтын мүлік форматына айналып келеді.

Сонымен қатар саяжайды жалға алу нарығы да белсенді өсуде. Әсіресе Алматы, Астана және Шымкент маңындағы үйлерге сұраныс жоғары. Пайдаланушылар көбіне моншасы, демалыс аймағы және ыңғайлы көлік қатынасы бар ықшам үйлерді іздейді.