Жасанды интеллектіні енгізу үшін енді бағдарламашы қажет емес

Жасанды интеллектіні енгізу үшін енді бағдарламашы қажет емес

Қазақстандық компаниялар жасанды интеллектіні тек сынақ ретінде қолдану кезеңінен өтіп, оны күнделікті жұмысқа енгізуге көшті. Енді AI шешімдерін әзірлеу үшін міндетті түрде бағдарламашылар командасы қажет емес. Әлемде бұл үрдіс citizen development деп аталады – яғни қызметкерлердің өздері цифрлық құралдарды жасап, жұмыс процестерін автоматтандыруға қатысады. Бұл өзгеріс автоматтандыруға аса сақ қарайтын салалардың бірі саналатын заң қызметіне де жетті.

Мұның айқын мысалдарының бірі – жасанды интеллект негізіндегі технологиялық өнімдерді әзірлейтін Sergek Group компаниясы. Компанияда AI бұрыннан инженерлік бағытта қолданылып келеді. Соңғы уақытта бұл технология ішкі бизнес-процестерді оңтайландыруда да белсенді пайдаланыла бастады. Мәселен, құқықтық мәселелер және процестік басқару департаментінің мамандары бағдарламашыларды тартпай-ақ күнделікті жұмысты жеңілдетуге арналған екі цифрлық құралды өз күшімен әзірлеп, іске қосты.

Дауыстық тапсырмадан дайын міндетке дейін

Алғашқы шешім тапсырмаларды қою процесін автоматтандыруға арналған. Бұрын басшы әр тапсырманы корпоративтік жүйеге қолмен енгізетін. Қазір тапсырманы беру үшін ішкі Telegram ботқа дауыстық хабарлама жолдау жеткілікті.

Жүйе сөйлеуді мәтінге айналдырып, тапсырманың мазмұнын талдайды, қажет болған жағдайда нақтылау сұрақтарын қояды, оны құрылымдайды және орындаушыны, мерзімін әрі сипаттамасын анықтайды. Одан кейін корпоративтік платформаға автоматты түрде дайын тапсырма карточкасы жасалады.

Шешімнің архитектурасы no-code және low-code тәсілдері негізінде құрылған. Яғни арнайы серверлік бағдарламалау жүргізілмеген. Сонымен қатар жүйе қажет болған жағдайда компанияның ішкі инфрақұрылымына көшірілетіндей етіп жобаланған.

Келісімшарттарды талдау бірнеше есе жылдамдады

Екінші құрал құжаттармен жұмыс істеуге арналған. Бұған дейін келісімшарттарды бастапқы сараптау толықтай қолмен жүргізілетін: маман құжатты ашып, құрылымын тексеріп, негізгі талаптарды іздеп, оларды ішкі стандарттармен салыстыратын. Осыдан кейін ғана құжат заңгерлік қорытынды жасау кезеңіне өтетін.

«Қазір көптеген жергілікті міндеттерді бөлімшелердің өз күшімен шешуге болады. Біздің департаментте заңгерлер жұмыс істейді, арнайы техникалық біліміміз жоқ. Біз күнделікті атқаратын жұмыстарымызды кезең-кезеңімен талдап, нақты заңдық сценарийлерге бейімделген алгоритмдерді құрдық», – дейді Sergek Group компаниясының құқықтық мәселелер және процестік басқару жөніндегі директоры Нұрсұлтан Сүлейменов.

Алгоритмді құрастыру кезінде Cursor, Replit және Claude платформалары пайдаланылған. Нәтижесінде құжаттарды жүктеу, құрылымдау және бастапқы талдау сияқты көптеген операциялар автоматтандырылды.

Жасанды интеллект маманды алмастырмайды

Дегенмен сарапшылар технологияның мүмкіндігін асыра бағаламауға шақырады.

«Жасанды интеллектіні дұрыс қолданған жағдайда да нәтиженің дәлдігі шамамен 60–70 пайыз деңгейінде. Сондықтан оны заңгердің орнын басатын әмбебап шешім ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – күнделікті қайталанатын жұмыстарды жылдамдататын құрал. Ал түпкілікті тексеру мен қабылданған шешім үшін жауапкершілік әрдайым маманның өзінде қалады», – дейді Нұрсұлтан Сүлейменов.

Мұндай бастамалардың тиімділігі тек үнемделген уақытпен өлшенбейді. Ең бастысы – ішкі процестердің жылдамдауы және үлкен көлемдегі құжаттармен жұмыс кезінде адам факторынан туындайтын тәуекелдердің азаюы.

Sergek Group тәжірибесі қазіргі еңбек нарығындағы кең ауқымды өзгерістің көрінісі деуге болады. Жасанды интеллект енді тек бағдарламашылар мен деректер талдаушыларының құралы емес. Бұрын технологиядан алыс деп есептелген мамандық иелері де оны күнделікті жұмысында қолдана бастады. Соның нәтижесінде заңгерлердің уақыты құжаттарды механикалық өңдеуге емес, талдау жасауға, тәуекелдерді бағалауға және шешім қабылдауға көбірек бағытталуда.