Қазақстанда 2,2 млн жұмыс орны автоматтандыру тәуекелі аймағында тұр. Оның ішінде 1 миллионын генеративті жасанды интеллект алмастыра алады, дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қай салада тәуекел жоғары?

Зерттеу 423 кәсіптік топты қамтыған. Негізгі қауіп – Алматы, Астана және Шымкенттегі қызметкерлерге төнуі мүмкін. Үш ірі қалада жұмыс орындарының үштен біріне дейін автоматтандыру ықпалына ұшырауы ықтимал.

Жаппай қысқарту болмайды

Вице-министр Олжас Анафиннің айтуынша, Қазақстанда еңбек күші салыстырмалы түрде арзан. Сондықтан компаниялар үшін роботтандыруға көшу бірден тиімді бола қоймайды. Автоматтандыру біртіндеп жүреді, экономикалық пайдасы айқындалған кезде ғана жеделдейді.

«Автоматтандыру тәуекелі бар жұмыс орындары – көбіне қайталанатын, стандартты міндеттері бар салалар. ЖИ енгізу қысқа мерзімде кадрларды толық ығыстыра қоймайды, бірақ еңбек нарығының құрылымын өзгертуі мүмкін», – дейді мамандар.

Сарапшылардың пікірінше, басты мәселе – қызметкерлерді жаңа дағдыларға бейімдеу мен қайта оқытуда.