Жарты миллион жас үйге мұқтаж

Отбасы банк мәліметінше, Қазақстанда баспанаға мұқтаж 1 млн адамның 53%-ы немесе шамамен 565 мың адам – 35 жасқа дейінгі жастар.

Банктің айтуынша, жастар үшін жеке баспанаға қол жеткізу мәселесі әлі де өзекті. Баспанаға мұқтаждар тізіміндегі азаматтардың 21%-ы – 25 жасқа дейінгілер, 13,5%-ы – 25–29 жас аралығындағылар, ал 18,5%-ы – 30–34 жас аралығындағы азаматтар.

Бұл мәселе банктің тұрғын үй бағдарламаларына қарамастан сақталып отыр. Банк жұмыс істеген уақыт ішінде 35 жасқа дейінгі 283 мың отбасы жеке баспаналы болған. Соңғы 2,5 жылдың өзінде 68 мың отбасы қоныс тойын тойлаған.

Жастардың баспана алуында «Наурыз» бағдарламасы маңызды рөл атқарады. Осы бағдарлама аясында берілген 20 мың несиенің 12,5 мыңы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға тиесілі. Ал өңірлік жеңілдетілген бағдарламалардың арқасында 12,4 мың жас отбасы баспаналы болған.