Қазақстанда Жаңа жылға дайындық кезінде уақытша жұмыспен қамту нарығындағы белсенділік айтарлықтай артады. Қараша мен желтоқсан – мейрамхана бизнесі, қонақүй қызметі және іс-шаралар индустриясы үшін ең қарқынды кезеңдердің бірі.
OLX Қазақстанның аналитикалық қызметінің деректеріне сүйенсек, бірқатар салада қызметкерлерге деген сұраныс күздің басынан-ақ күшейе түседі. Әсіресе аспаздар, даяшылар, бармендер және аниматорлар – мереке кезінде ең көп сұранысқа ие мамандар.
Қандай мамандықтарға сұраныс көп?
Статистикалық деректерге сүйенсек, 2025 жылдың күзіне қарай жұмыс берушілер аспаздар мен даяшыларға арналған вакансияларды белсенді жариялаған. Тек қазан айының өзінде аспаздарға арналған 1 018, ал даяшыларға арналған 492 вакансия щыққан. Қарашада да сұраныс бұдан төмен болғанымен, жоғары күйінде қалды: аспаздарға – 854, даяшыларға – 265 вакансия.
Бармендерге сұраныс бұдан төмен, бірақ Жаңа жыл қарсаңында тұрақты. Сонымен бірге ивент-мамандарға деген қызығушылық айтарлықтай өседі.
Іс-шара жүргізушілеріне арналған ұсыныстар көп болмаса да, олардың саны қазан айында екі есе артқан – бұл корпоратив маусымы алдындағы әдетті динамика.
Үміткерлер қалай жауап береді?
Желтоқсан айы жақындаған сайын, кандидаттардың қызығушылығы да арта түседі. Статистикаға сәйкес, аспаз немесе даяшы позициясына арналған әрбір жарияланым мыңдаған өтініш жинайды – бұл маусымдық қосымша жұмыс сегментіндегі жоғары бәсекелестікті көрсетеді.
Қараша айында аспаздарға арналған вакансиялар 23 402, ал даяшыларға – 9 237 өтініш жинаған.
Маусымдық жұмыс ақысы қанша?
Жаңа жыл қарсаңында ең жоғары табыс дәстүрлі түрде іс-шара жүргізушілеріне тиесілі. Бұл позиция бойынша орташа ақы жарты миллион теңгеден асады.
Тамақтану және қызмет көрсету салаларында жағдай орташа. Қазан-қараша айларында даяшылардың орташа айлық жалақысы шамамен 330 000 теңгені, бармендердікі – 240 000 теңгені құрады.
Аспаздар позициясын жұмыс берушілер орташа есеппен 280 000 теңге көлемінде бағалайды.
Жыл соңында сұранысы өсетін мамандықтардың ішінде сұрыптаушыларды ерекше атап өткен жөн. Бұл позиция бойынша орташа жалақы 433 000 теңгені құрап, маусымдық жұмысшылар арасындағы ең жоғары төленетін бағыттардың біріне айналады.
Жаңа жыл қарсаңындағы нақты ұсыныстар көбіне жоғары ставкаларды, бонустарды немесе 31 желтоқсан, 1-2 қаңтар түндері, сондай-ақ корпоративтік демалыс күндері үшін қысқа мерзімді сыйақыларды қамтиды.
Нарық неге күздің соңында жанданады?
Қарашаның соңы – жұмыс берушілер үшін желтоқсандағы жүктеме алдында команда жасақтаудың ең тиімді уақыты. Мейрамханалар мен ивент-агенттіктер Жаңа жылдық бағдарламаларды алдын ала іске қосады, сондықтан қызметкерлерді 4-6 апта бұрын іздей бастайды.
Ал үміткерлер үшін мереке алдындағы маусым – қосымша табыс табудың тиімді мүмкіндігі. Бұл әсіресе студенттер, икемді кестемен жұмыс істейтіндер және жылдың соңындағы шығындарды жабуға уақытша жұмыс іздейтіндер арасында байқалады.
Статистика не дейді?
Статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылдың III тоқсанында жұмыспен қамтылу деңгейі 64,8%-ға дейін өсіп, жұмыссыздық 4,6% деңгейінде сақталған. Жалпы жұмыспен қамтылу тұрақты болғанымен, халықтың елеулі бөлігі (әсіресе жастар) уақытша жұмыс істеуге қарсы емес.
NEET жастарының үлесі (оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар) 2025 жылдың I тоқсанында шамамен 6,2%-ды құрады. Бұл жастар арасында еңбекке дайын топтың бар екенін көрсетеді және осы топтың бір бөлігі маусымдық жұмысты – әсіресе жұмыс берушілерге жүктеме артатын мереке кезеңінде – ықтимал табыс көзі ретінде қарастыратынын айғақтайды.