2025 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың нақты ақшалай табысы 0,8% азайды. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы ұсынды.

Ведомство мәліметінше, орташа жан басына шаққандағы атаулы табыс 2025 жылдың екінші тоқсанында 10,4% өсіп, айына 236,5 мың теңгені құраған. Дегенмен, осы кезеңдегі инфляция деңгейі 11,3% болғандықтан, нақты табыс 0,8% азайған.

Республикалық маңызы бар үш қаланың ішінде Астана табыс өсімі бойынша алда тұр. Қала тұрғындарының орташа айлық табысы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2% өсіп, 337 мың теңгеге жеткен. Шымкентте табыс 11,5% өсіп, 153,5 мың теңгені құраған. Ал Алматы қаласы — ең жоғары табыс деңгейі бойынша көшбасшы. Мұнда орташа жан басына шаққандағы атаулы табыс 371,5 мың теңгеге жетіп, жыл ішінде 10,9% артқан.

Табысы төмен өңірлер

Ең баяу өсім Алматы облысында тіркелді — 6,4%, яғни орташа табыс 175,4 мың теңге болған. Жамбыл облысында табыс 8,5% өсіп, 168,2 мың теңгені құраған. Түркістан облысында табыс 10,9% артып, 143,6 мың теңгеге жеткен. Қызылорда облысында көрсеткіш 11,8% өсіп, 175,5 мың теңгеге жеткен.

Атаулы және нақты табыс түсінігі

Атаулы ақшалай табыс — бұл қазақстандықтардың тұтыну, өндірістік қызмет және жинақ мақсатында пайдаланатын қаражаты. Бұл көлем макродеңгейде жалақыдан, жеке кәсіпкерлік және өзге де табыс көздерінен есептеледі.

Орташа жан басына шаққандағы табыс — халықтың жалпы табысы мен тұрақты тұрғындар санының арақатынасы арқылы анықталады. Ал нақты ақшалай табыс — бұл инфляция деңгейін ескере отырып түзетілген атаулы табыс.