2026 жылдан бастап Қазақстанда оқуға, емделуге, ипотекаға жұмсалатын шығындар мен көпбалалы отбасыларға арналған салық шегерімдері жойылды. Бұл жеңілдіктер бұған дейін азаматтардың «қолға алатын» жалақысын көбейтуге септігін тигізетін. Мұндай өзгеріс жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты болып отыр.
Салық шегерімі — 10% мөлшерлемесімен жеке табыс салығы алынатын табыс сомасын азайту. Яғни, қызметкер өз жалақысынан салықты азырақ төлейтін, сәйкесінше қолына тиетін ақша мөлшері артатын.
Білім алуға, коммерциялық банктердегі ипотекаға және көпбалалы отбасыларға арналған бұл шегерімдер тек 2025 жылы ғана пайда болған еді. Осылайша, қазақстандықтар бұл жеңілдіктерді небәрі бір жыл ғана пайдаланып үлгерді.
Бұл жүйе қалай жұмыс істеген еді?
Көпбалалы отбасындағы ата-ананың екеуі де жылына 282 АЕК-тен аспайтын (2025 жылы – 1,1 млн теңге) салық шегерімін қолдана алатын:
- Егер бір ата-ана ғана қолданса – айына 23 АЕК (90,4 мың теңге);
- Егер екеуі де қолданса – әрқайсысы айына 12 АЕК (47,1 мың теңге).
Мысалы: Егер бұрын ата-ана 500 мың теңге жалақысынан толықтай 10% ЖТС төлесе, шегерімді қолданғаннан кейін салық тек 410 мың теңгеден ғана алынатын. Осылайша, 90 мың теңгеге салық салынбай, ата-ананың қалтасында ай сайын қосымша 9 мың теңге қалып отыратын.
Сондай-ақ, 21 жасқа дейінгі баласының оқу ақысын төлегендер жылына 118 АЕК (2025 жылы – 463,9 мың теңге) көлемінде шегерім жасата алатын еді.
Бұдан бөлек, 2025 жылдан бастап ипотекасы бар барлық қазақстандыққа сыйақылар бойынша шегерім қолжетімді болды. Мысалы, егер қарыз алушы банкке ай сайын 30 мың теңге пайыз (сыйақы) төлесе, осы сома салық шегерімі болып есептеліп, жалақы есептелгенде одан ЖТС алынбайтын.
Мұндай шегерімдерді қолдану үшін қызметкер өз компаниясының бухгалтериясына тиісті өтінішпен жүгінуі керек болатын.