3 қыркүйектен бастап халықаралық сауда алаңы ITS АҚШ-тың жетекші жеті компаниясының акцияларына арналған Single Stock ETF құралымен сауда жүргізуді бастады. Бұл – Қазақстандағы алғашқы тәжірибе. Мұндай шешім қазақстандық инвесторларға қымбат акцияларға бөлшек түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Single Stock ETF – жекелеген компания акциясын қайталайтын биржалық қор. Инвестор толық акция сатып алмаса да, оның жүзден немесе мыңнан бір бөлігін иелене алады. Мәселен, Tesla акциясының құны қыркүйек басында $329,36 болса, ITS арқылы инвестор бар болғаны $3,29-ға акцияның жүзден бір бөлігін ала алады. Ал Freedom Holding қағазының мыңнан бір бөлігі небәрі $0,015 тұрады.

ITS бастапқы кезеңде жеті ірі эмитентті таңдады: Amazon – e-commerce пен бұлтты технологиялардың көшбасшысы; Tesla – электромобильдер мен «жасыл энергетика» шешімдерінің өндірушісі; Netflix – әлемдегі ең ірі стримингтік сервис; AMD – процессор мен видеокарта жасаушы; MicroStrategy (MSTR) – бизнес-аналитика және Bitcoin инвестициялары; Coinbase – АҚШ-тағы жетекші криптобиржа; Freedom Holding – халықаралық инвестициялық компания.

«Бұл – Қазақстан инвесторларына арналған ең технологиялық әрі заманауи құралдардың бірі. Ол біздің платформаны жаңа қатысушылар үшін тартымды етеді. Алдағы уақытта да инвесторларға көбірек мүмкіндік беретін жаңа шешімдер енгіземіз», – деді ITS бас директоры Шыңғыс Қанапиянов.

Мұндай құрал әсіресе қысқа мерзімде табыс табуды көздейтін трейдерлер арасында сұранысқа ие. Сонымен қатар ол портфельді арзан әрі тиімді әртараптандыруға мүмкіндік береді.

ITS арқылы сауда АҚШ долларымен жүргізіледі, ал табыс Қазақстанда табыс салығынан босатылған. Бұған қоса, қордың басқару комиссиясы жоқ. Мұндай артықшылықтар – қордың Астана халықаралық қаржы орталығында тіркеліп, AIX биржасында листингтен өтуінің нәтижесі.

Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, ETF-ке салынған қаражаттың құны негізгі акция динамикасына байланысты өзгеріп отырады. Яғни табыс табу мүмкіндігі жоғары болғанымен, шығынға ұшырау қаупі де бар. Сондықтан инвестиция алдында қордың құжаттарымен танысып, тәуекелді бағалау қажет.