Премьер-министр Олжас Бектенов AMANAT партиясының кеңейтілген жиынында Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарларын жариялады. Оның айтуынша, Үкіметтің басты мақсаты – экономикалық өсімді тұрақтандыру, жаңа өндірістер ашу және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту.
Экономикалық өсім және бюджет
Жеті айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі өсіп, тау-кен саласында сирек металдарды игеру бағыттары кеңейіп жатыр. Үкімет үш жылдық республикалық бюджет жобасын Парламентке енгізді. Базалық сценарий бойынша 2026–2028 жылдары ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,3% болады деп болжануда.
Инвестициялар және өндіріс
2024 жылы шетелдік капиталдың қатысуымен 1,3 млрд доллар болатын 45 жоба іске қосылды. Жалпыұлттық пулда құны 144 млрд доллар болатын 1100 жоба бар. Үкімет басшысының сөзінше, 190 жаңа өндірістік жоба іске қосылып, 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ.
Агросектордағы жағдай
Ауыл шаруашылығына бөлінген қаржыландыру көлемі екі есе артты. Қазірдің өзінде 6 млн тоннадан астам астық бастырылды. Бұл егін көлемінің 30%-ын құрайды. Экспорт географиясы кеңейіп, жоғары қосылған құнға ие өнімдердің үлесі артып келеді.
Әлеуметтік саладағы өзгерістер
Бектенов 2025 жылы 160 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін айтып, техникалық және кәсіптік білімге бөлінетін қаржы екі есе артқанын атап өтті. Оның сөзінше, денсаулық сақтау саласында өлім-жітім 3%, нәресте өлімі 22,7% азайған. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 655 нысанның 540-ы салынған.
Инфрақұрылым мен энергетика
Олжас Бектенов биыл 13 мың шақырым автожол жөнделді дейді. Сонымен қатар «Достық – Мойынты» теміржол желісінің екінші жолы пайдалануға берілген. Ал энергетикада «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы 600 млрд теңге инвестиция тартылып, желілердің тозуы қысқарды.
Цифрландыру және экология
Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылды. Аймақтағы ең қуатты суперкомпьютер пайдалануға берілді. 2021 жылы IT-қызмет экспорты 30 млн доллар болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 700 млн долларға жетті.
«Таза Қазақстан» қозғалысы аясында 383 мың тонна қалдық жиналды, 2,4 млн ағаш отырғызылды.