Қазақстанда ірі IT-компаниялар жаңа қызметкерлерді белсенді түрде іздеп жатыр. 2025 жылдың III тоқсанының соңында «Компьютерлік бағдарламалау, кеңес беру және өзге де ілеспе қызметтер» қызмет тобына жататын кәсіпорындарда 1,1 мың бос жұмыс орны болған. Бұл — кем дегенде 2016 жылдың басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Мұндай деректерді ҚР Ұлттық статистика бюросы зерттеуінде айтылған. Зерттеу аясында шағын кәсіпкерлік субъектілерінен өзге барлық заңды тұлғалар қамтылған.
Жыл ішінде зерттелген кәсіпорындардағы бос жұмыс орындарының саны 22% артқан. Жалпы алғанда, тоқсан соңындағы өсім — бұл көрсеткіш үшін үйреншікті жылдық динамика, себебі 2017 жылдан бері төмендеу бар болғаны жеті рет тіркелген. Айта кету керек, кейінгі 10 тоқсан қатарынан (2024 жылғы сәуір–маусым аралығындағы кезеңнен басқа) бос орындар саны жылдық есепте екі таңбалы қарқынмен өсіп келеді. Дегенмен, уақыт өте келе бұл әсерлі өсім бәсеңдей бастаған: қазіргі +22% көрсеткіші кейінгі екі жарым жылдағы ең баяу өсім болды.
Сонымен қатар IT саласында кадрлар тұрақтылығы аса жоғары деп те айту қиын. Бұл сектордағы кадр ауысуының коэффициенті экономикадағы орташа деңгейден жоғары — 8,7%, ал жалпы экономика бойынша бұл көрсеткіш 6,7% (III тоқсанның соңындағы мәлімет). Бұл коэффициент өз еркімен жұмыстан кеткен және себепсіз жұмыстан шығарылған қызметкерлердің орташа есеппен жалпы жұмысшылар санындағы үлесін көрсетеді.
Айта кетерлігі, ақпараттық технологиялар саласындағы еңбек ақы бұрынғыдай жоғары деңгейде. 2025 жылдың III тоқсаны қорытындысы бойынша бұл саладағы бір қызметкердің орташа айлық еңбекақысы — 1,3 млн теңге, бұл жалпы экономика бойынша орташа деңгейден (429,4 мың теңге) үш есе көп. Нақты мәнде IT саласындағы көрсеткіш 5% өскен, ал жалпы экономика бойынша керісінше, 2% төмендеген.
Ұлттық статистикалық бизнес-тіркелімнің деректеріне сәйкес, III тоқсанның соңында Қазақстанда «Компьютерлік бағдарламалау, кеңес беру және өзге де ілеспе қызметтер» саласында 9,6 мың белсенді заңды тұлға тіркелген. Олардың ішінде орта және ірі кәсіпорындар саны небәрі 61.