Дүйсенбі күні Азиядағы ерте саудада мұнай бағасы күрт өсті. Бұған АҚШ-тың ирандық жүк кемесін басып алғаны туралы мәлімдемесі және Тегеранның демалыс күндері қысқа уақытқа ашқаннан кейін Ормуз бұғазын бұғазын қайта жабуы себеп болды.
Brent маркалы мұнай фьючерсі 7%-ға дейін өсіп, барреліне 97.50 долдарға жетті, кейін Астана уақытымен 8:00-де 95 доллар айналасында саудаланды.
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскери күштер АҚШ блокадасын бұзып өтпек болған Иран туы бар жүк кемесіне оқ атқанын және оны басып алғанын айтты.
Иран бұл әрекетті айыптап, қарымта жауап беретінін мәлімдеді. Бұған дейін Тегеран демалыс күндері бұғазды ашқанымен, 24 сағат өтпей қайта жапқан еді. Жұма күні Иран бұғазды ашатынын жариялағаннан кейін мұнай бағасы 9%-дан астам төмендеген болатын.
Демалыс күндері Тегеран бұғаздан өтпек болған бірнеше кемеге оқ атқаны да хабарланды.
Бұл оқиғалар АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшейгенін көрсетеді және 21 сәуірде аяқталатын екі апталық бітімге дейін бейбіт келіссөздер болуы мүмкін бе деген сұрақ туғызады.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы сегізінші аптаға ұласты, ал соңғы оқиғалар жақын арада жағдайдың тынышталу ықтималдығын азайтады. Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай жеткізілімінің тұрақсыздығы алдағы күндері бағаны жоғары деңгейде ұстап тұруы мүмкін.
Бұл бұғаз әлемдік мұнай тұтынуының шамамен бестен бір бөлігін қамтамасыз етеді.
OCBC сарапшыларының айтуынша, нарықтар энергия жеткізілімінің тез қалпына келуін тым ерте бағалап қойған. Қақтығыс жалғасуы мүмкін, ал қысқа мерзімде тәуекелдер мен доллардың нығаю ықтималдығы жоғары.
Сонымен қатар, олар түпкі нәтиже бәрібір келісім болатынын, бірақ оған жету күрделі әрі қатері жоғары жолмен өтетінін атап өтті.
Соғыс басталған кезде мұнай бағасы 120 долларға жуықтаған еді, бірақ соңғы екі аптада Дональд Трамп Иранмен келіссөздер жүргізілетінін айтқаннан кейін баға біршама төмендеген.
Бітім мерзімінің аяқталуына аз уақыт қалғандықтан, АҚШ пен Иран арасында қосымша келіссөз өтер-өтпесі әлі белгісіз.
Трамп АҚШ делегациясы дүйсенбі кешінде Пәкістанға келіссөздер үшін баратынын, делегацияны вице-президент Джей Ди Вэнс бастап баратынын айтты.
Алайда Иран мемлекеттік БАҚ-тары Тегеранның жаңа келіссөздерден бас тартқанын хабарлады. Tasnim агенттігінің мәліметінше, Иран Исламабадқа делегация жіберу туралы шешім қабылдамаған және АҚШ теңіз блокадасы сақталған жағдайда ешқандай келіссөз болмайды.
АҚШ өткен аптада Иранның барлық кемелері мен порттарына блокада жариялаған болатын. Бұл Тегеранды бітімге мәжбүрлеу әрекеті ретінде бағаланып отыр. Бұған дейін Пәкістанда өткен келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермеген.