Иран Ормуз бұғазын барлық кемелер үшін ашты. Алайда елдің сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мәлімдегендей, бұл дәліз тек Израиль мен Ливан арасындағы бітім кезеңінде ғана қолжетімді болады.
«Ливандағы атысты тоқтату режиміне сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы барлық коммерциялық кемелердің өтуі Иран Ислам Республикасының Порттар және теңіз қатынасы ұйымы бұрын белгілеген келісілген маршрут бойынша бітімнің қалған кезеңінде толық ашық деп жарияланады», — деді ол X желісінде.
Айта кетейік, Израиль мен Ливан арасындағы бітім 17 сәуірде күшіне енді және 10 күнге есептелген. Демек, ол шамамен 27 сәуірге дейін жалғасады.
Иранның бұл мәлімдемесі аясында Brent маркалы мұнай бағасы бір сәтте барреліне 86 долларға дейін төмендеді. Жазба дайындалған сәтте баға 89 долларды құрады.