Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендету туралы норманы 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұру жоспарланып отыр.
«Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп ЖТСМ-ді есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеуде. Ол нарықтық жағдайларды және тәуекелге бағдарланған тәсілді ескеретін болады. ЖТСМ-нің дифференциалды мөлшерлемелерін енгізу кепілмен қамтамасыз ету деңгейіне қарай қарыз жүктемесін төмендетуге және қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Бастапқыда ЖТМ-нің жаңа деңгейі 2025 жылғы маусымда күшіне енуі керек болған. Бірақ маржаның қысқаруына байланысты банктер ипотека беруді жаппай тоқтата бастағаннан кейін, реттеушілер бұл өзгерісті 1 қарашаға дейін кейінге қалдырған еді. Сарапшылардың алаңдаушылығы мен нарықтағы теріс реакцияға қарамастан, Қаржы нарығын реттеу агкнттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бірнеше рет бұл шегерімнің уақытша екенін және банктерге тек бейімделуге уақыт берілгенін атап өткен еді.
Шегерімді 1 шілдеге дейін ұзартуды реттеушілер базалық мөлшерлеменің жоғары болуымен түсіндірді. Сонымен қатар ЖТМ-ді есептеудің жаңа әдістемесі әзірленіп жатыр. Ол «нарықтағы өзекті жағдайды ескеріп, кепілмен қамтамасыз ету коэффициентін (Loan-to-Value, LTV) қамтитын» болады. Бұл коэффициент ипотекалық қарыз сомасының тұрғын үй құнына арақатынасы бойынша есептеледі.
Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақтары моделі бойынша салымшылардың қаражатын тартуға және оларға тұрғын үй қарыздарын ұсынуға рұқсат беріледі (қазір бұл модель «Отбасы банк» арқылы жұмыс істейді, тиісті түзетулер Мәжілісте қаралуда).